Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелде бірнеше мүлкі бар, Құлыбаевтың компаниясында директор: Басы дауға қалған Олжас Байділдинов туралы не белгілі

Фото: Stan.kz

Қоғамдық көлік тарифі 500 теңге болуы керек деген пікірі үшін сарапшы Олжас Байділдинов көпшіліктің сынына қалған еді. Осыдан кейін жұрт оның қымбат өмір салтына назар аударды. Stan.kz тілшісі Байділдиновтің немен айналысатынын және оның меншігіндегі мүліктерді зерттеп көрді.

Мұнай және энергетика саласының сарапшысы Олжас Байділдинов "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясында және "Халық банкінде" жұмыс істеген. 2016 жылдан бастап ол Atameken Business телеарнасында "Байділдинов. Мұнай" салалық телебағдарламасын жүргізді. 

Сарапшы 2020 жылдан бері өз Youtube-арнасын жүргізіп, мұнай саласында қатысты сараптама, сондай-ақ өзінің саяхаты мен мүлкі туралы баяндайды.

Ал 2021 жылы "Адалдық аланы" жобалық кеңсесінің басшысы болып тағайындалып, энергетика министрінің штаттан тыс кеңесшісі болды. Сондай-ақ энергетика министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі.

Қазір ол Тимур Құлыбаевқа тиесілі компанияның бас директоры қызметін атқарады. Ол Құлыбаевқа тиесілі ALMEX холдингіне қарасты “Алмэкс Проект” ЖШС-ның бас директоры. Жобалық компанияларды, қорларды құрумен, химия, машина жасау, агроөнеркәсіп кешені және т.б. айналысады. Компания Adata.kz деректері бойынша 2025 жылы 32,9 миллион теңге, ал 2024 жылы 60,6 миллион теңге салық төлеген.

Байділдинов салық

Одан бөлек тазартылған мұнай өнімдерін өндіретін “Алмэкс Полимер” ЖШС,  “Алмэкс Астана” корпоративтік қоры, ABF CAPITAL ЖШС-ны басқарады деп реестрде тіркелген.

“Алмэкс Астана” корпоративтік қоры 2025 жылы 499 мың теңге салық төлепті.

алмэкс астана салық

Adata.kz деректері бойынша, ABF CAPITAL ЖШС 2025 жылы 308 мың теңге, 2024 және 2023 жылдары 168 мың теңге салық төлепті.

абф байділдинов

Олжас Байділдинов 1984 жылы Оралда туған. Қазір Астанада тұрады. Үйленген, жұбайы Шолпан Бауыржанқызы кәсіби модель, 2025 жылы Үндістанда өткен Mrs Supermodel WorldWide байқауында бас жүлдені иеленген.

Байділдиновтің мүліктері туралы ақпарат

Сhinovnik_kz Telegram-арнасы Олжас Байділдиновтің бірнеше мүлкі бар екенін жазды:

  • Қосшыдағы екі қабатты үй, 2020 жылы салынған, 288 ш.м., шамамен құны 85 миллион теңге;
  • Highville Astana тұрғын үй кешеніндегі 3 бөлмелі бизнес-класс пәтер, 100 ш.м., құны 60 млн теңгедей;
  • "Алтын-Арна" тұрғын үй кешенінен 2 бөлмелі бизнес-класс пәтер, 75 ш.м., шамамен 40 млн теңге;
  • “Французский квартал” тұрғын үй кешеніндегі 1 бөлмелі бизнес-класс пәтер, 37 ш.м., құны 27 млн ​​теңге;
  • Коммерциялық алаң, 100 ш.м, шамамен 20 млн теңге.

Сондай-ақ сарапшы 5 жыл бұрын Youtube арна ашып, оны жүргізе бастады. 2 жыл бұрын өз Youtube-арнасында БАӘ-ден баспана сатып алғанын айтады. Maryam Island ауданынан алған пәтеріне шолу жасайды.

БАӘ мүлік

Видеодан скриншот

Бұдан кейін 2024 жылы Ыстамбұлдан пәтер алған. Ол үйіне шолуын YouTube каналында көрсетеді. Пәтердің Ыстамбұлдағы беделді аудардарының бірінде орналасқанын, үш бөлмелі пәтер екенін көруге болады. 

Threads қолданушылары оның сәнді брендтерді, оның ішінде құны 3,2 миллион теңгелік Gucci күртесін және 556 000 теңгеге Louis Vuitton жейдесін киген фотоларын байқап қалды.

"Ал бұл кісі Астана мен Алматыда жүру 500 теңге болуы керек деп отыр. Өзін көрсеткісі келген суреттері мен ондағы баға белгілеріне қарағанда, ол қоғамдық көлікті пайдаланбайтыны анық. Ал мұндай мәлімдемелерді оңай айтатындықтан, оның ақша мәселесі де жоқ сияқты", - деп жазды блогер Қанат Оспанов.

Байділдинов қандай мәлімдемелерімен есте қалды?

Газды қымбаттатуды ұсынды

Ол 2022 жылғы "Қанды Қаңтар" оқиғасына дейін сұйытылған газ бағасын көтеруді ұсынған еді. Газдың қымбаттауына наразыларға "ақшаңыз жетпесе, қоғамдық көлікпен жүріңіз, оның несі проблема?" деген еді. Яғни жанармай құнының 15-20 теңгеге көтерілуін "болмашы сома" деп атаған.

“Қоғамдық көлікпен жүру құны 500 теңге болуы керек” деді

Олжас Байділдиновтің айтуынша, қазіргі субсидиялау жүйесі тиімсіз әрі сыбайлас жемқорлыққа бейім. Ол нарықтағы шынайы баға мен ашық бәсекелестік орнамайынша, қоғамдық көлік сапасы артпайтынын айтады.

"Бүгінде Петропавлда мемлекеттік субсидияларға байланысты тағы да түсініксіз жағдай туындап отыр. Жолаушылар тасымалдаушылардың сөзінше, жол жүрудің өзіндік құны шамамен 345 теңге, бірақ үшінші жыл қатарынан оларға субсидия төленбей келеді. Бұл салада ашықтық жоқ", – дейді Олжас Байділдинов.

Олжас Байділдинов еліміздегі субсидиялар жүйесі өзінің тиімділігін әлдеқашан жоғалтқан деп отыр.

"Бұл саладағы мемлекеттік субсидиялар ашық емес, сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары және ең бастысы, жолаушылар үшін сапа әкелмейді. Егер біз шынымен әділ әрі тиімді жүйе құрғымыз келсе, онда тарифтерді нарыққа жіберуіміз керек. Астана мен Алматыда қоғамдық көлік бағасы кемінде 500 теңге болуы қажет", – деп атап өтті Байділдинов.

Оның айтуынша, қазір бір бағытта үш аялдама жүретін жолаушы мен соңғы аялдамаға дейін 1,5 сағат жүретін адам бірдей ақы төлейді. Бұл экономикалық жағынан қисынсыз дейді сарапшы.

"Нарықтық емес және жабық субсидиялардан бас тартып, бағаны еркін нарыққа жіберуіміз керек. Ерте ме, кеш пе, бәрібір осыған келеміз. Мысал ретінде Үндістанның Дели қаласын келтірейік. Онда метро мен жеңіл рельсті көліктегі жол ақысы 20-70 рупий (шамамен 140-470 теңге) аралығында", – деді Олжас Байділдинов.

Қазақ тіліне қатысты дау

Байділдинов ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында Қазақстанда қазақ тілінің қолдану аясы кеңейіп, орыс тілінің ықпалы азайып бара жатқанын айтып шағымданған.

"Орыс тіліне қатысты мен ресейлік әріптестеріме үнемі айтамын: Қазақстандық телеарнасындағы ереже бойынша бағдарламалар кем дегенде 60%-ы қазақ тілінде, ал прайм-тайм, кешкі сағат 6-дан кейін толығымен қазақ тілінде болуы керек.  Мектепте сабақтың  30%-дан азы орыс тілінде, ал сабақтардың 70%-ы қазақ тілінде. Білмеймін, бәлкім, Ресей Федерациясы сияқты өз мектептерімізді құру керек шығар, бірақ бұл ел ішінде біршама қарсылық тудыруы мүмкін", – деді Байділдинов.

Оның бұл сөзіне Димаш Құдайбергенов шүйлікті.

"Біз, қазақтар, әлемнің барлық тілдерін құрметтейміз. Бірақ құрмет өзіңнен басталады. Өз тілінен ұялып, өзгенің мақұлдауына ұмтылған адам сөзін емес – тамырын жоғалтады. Олжас, сен сияқты арандатушыны жұмыстан шығарады деп үміттенемін, өйткені сен қорқақ кішкентай бала сияқтысың. Сен қазақша білмегендіктен қазақ тілінде жазбадым", – деп жазды Димаш Құдайбергенов. 

Еске салайық, бұған дейін мұнай және энергетика саласының сарапшысы Олжас Байділдинов бұған дейін де қоғам назарын өзіне аударған еді. 2022 жылғы "Қанды Қаңтар" оқиғасы алдында ол сұйытылған газдың бағасын өсіруді және нарықтық баға қалыптастыруды қолдайтынын мәлімдеген еді. Бұл пікірі қоғамда үлкен наразылық тудырып, сынға ұшыраған. Енді сарапшы қоғамдық көліктегі жолақыны 500 теңгеге дейін көтеру қажет деген ұсыныс айтып, қайтадан жұртшылықтың қарсылығына тап болды.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 15 Қазан, 2025 19:54
Талқылау