"Мал бағып, ірімшік дайындайды": Германияда 30 жыл тұрып келген қазақстандық СҚО-дағы туған ауылына оралды
Фото: Видеодан скрин
Германияда 30 жыл тұрып келген қазақстандық Денис Шеминг Солтүстік Қазақстан облысындағы туған ауылына оралды. Елге келген соң ол әлеуметтік желі жұлдызына айналды. Ол бар болғаны 15 үй тұратын ауылда өзін еркін сезінетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Денис Шеминг өз оқиғасын айтып, Отанына оралуға не түрткі болғанын жеткізді. Ол Қазақстаннан отбасымен бірге көшкен кезде бар жоғы 9 жаста болған. Денис туған ауылы Нагорноеға оралған соң оны тұрғындар бірден таныған.
"Атам бақтың арғы жағында тұратын. Ал жолдың арғы бетінде ата-анаммен бірге тұратынбыз. Қазір ол жерде тек үйінділер қалыпты. Асүйде отырсам, бәрі көз алдымнан өтіп жатыр", – дейді Денис Шеминг.
Денистің ата-анасы мен әйелі оның шешімін қолдамай, Германияда қалыпты. Ауылда жалғыз тұратын ол жеке шаруашылықпен айналысып, ешкі, шошқа, жылқы және тауық өсіреді. Сондай-ақ өз рецепті бойынша ешкі ірімшігін жасайды. Өз үйін ерекше стильде безендіріп, ауыл өмірінің жайлылығын еуропалық талғаммен үйлестірген.
"Бізге қажеттің бәрі осында бар сияқты. Жүзіңізде күлкі, жаныңыз тыныш. Ешкім мазаламайды. Бала кезімде біраз уақыт қойшы болып жұмыс істедім. Өйткені атам қойшы еді. Ол өзімен бірге бізді ертіп жүретін. Ал маған қой бағу ұнады. Бірақ енді қой бақпаймын. Маған алға жылжу керек. Мұнда аздап жағдайым жақсарып жатыр, екінші үй сатып алдым. Ол шағын қонақүй болады", – дейді Денис Шеминг.
Денис әлеуметтік желідегі парақшасын белсенді жүргізіп, оқырмандарын ауыл тіршілігімен таныстырады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 10 жыл бойы тұрып келген нидерландық азамат үш баласына қазақша есім бергені туралы жазған едік.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
