Мақпал Жүнісова: Ақшаны әркімге бір шашып жүргенімді көрген Роза Бағланова мені шақырып алды
Халық әртісі Мақпал Жүнісова ақша мен жомарттық туралы сөз етті. Әнші туған-туыс, құда-жегжатқа көмектесіп тұратынын жасырмайды. Ай сайын 60-70 адамға көмектесем деген ол ақшаның сақтаудың сырын бөлісті.
Бұл туралы Мақпал Жүнісова Нұрлан Албанға берген сұхбатында айтты.
“Зәкең – ешқашан дүние жинамаған адам. Әркімге сұрағанын бере беретін. Мен де дүние жиған емеспін. Ақшаны да оңды-солды шашып жүрдім. Бір күні Роза Бағланова апамыз мені шақырып алды. Сен, байқаймын, әркімге ақша таратып жүреді екенсің. Ақша деген киелі нәрсе. Егер олай оңды-солды ұстасаң, ырысың болмайды. Қолда бар берекеңнің қадірі кетеді. Ақшаны қысып ұстауға да болмайды. Шық бермес Шығайбай атанасың. Ақшаны алақанда ұстау керек. Мұқтажға көмектесу керек. Өзіңе де қалдыру керек деді. Содан бастап мен ақшаны ақылмен ұстайтын болдым”, – дейді әнші.
Айтуынша, үнемі көмектесіп тұратын 60-70 адамы бар. Туыс, дос, ағайынына қарайласады. Қуанышы мен қайғысына ортақтасады.
- Мақпал Жүнісова: 15 жылда бір азамат келіп, "саған ғашықпын, маған тұрмысқа шық” деген емес
- Кездесіп жүрген жігітімнің көзін құртып жіберді: Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтің махаббаты туралы айтты
“Өзім араласатын бай адамдар бар. Бірақ олар Шығайбай емес, сұрағанға көмек беретін, ақшасын да аямайтын жомарт байлар. Кей кісілер қызыма тілек тілеп, әкесі секілді ел басқарсын деп жатады. Маған ол керек емес. Қыз баланың ел басқарғаны дұрыс емес. Мерей бір үйдің келіні болса, сол үйдің түтінін түтетіп жақсы ана болып отырса болды. Мерей оқу оқыды. Тіл үйренді. Оның жұмыссыз қалмайтыны хақ. Сондықтан жерде қалады деп ойламаймын. Бірақ атақ-даңқты қажет етпеймін”, – деді халық әртісі.
Мақпал ханым бақыт толыққанды болмайды, үнемі бір кем дүние болып тұрады деп есептейді.
“Бақыт толыққанды болмайды. Әрқашан өмірдің ақ пен қарасы қатар жүреді. Бір кем дүние болып тұрады. Ол атаққа, байлыққа қарамайды. Күз бен көктем, қыс пен жаз табиғаттың жаратылысы. Өмірде де солай. Бірде жаз, бірде қыс болады. Мен күз айында Зәкеңнен айырылдым. Сондықтан күзді ұнатпаймын. Бірақ күзден кейін де көктемнің, жаздың келетінін ұмытпау керек”, – деді ол.
Әнші әдемі қартаюды армандайды. Халықтың қошеметімен, ел еркесі атанып, 90-ға, 100-ге келсем деп армандайды.
“Кей әжелерімді көріп, әдемі қартаюды жазсын деп тілеймін. Менің анам бар. Анасы бар адамдар үнемі бала секілді. Бар сырымды қызыма айтамын. Бұрын Зәкең айтатын. Адамнын шын досы анасы, жолдасы мен баласы деп. Мен қазір ешкімге мұңымды айтпаймын. Мерейге айтамын. Бір жамандық көрсем, өзімнен көремін”, – дейді Мақпал Жүнісова.