Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Магнит дауылының соңы қуатты жер сілкінісін тудыруы мүмкін бе – Сейсмолог маманмен сұхбат

Өткен 25-26 ақпан күндері амплитудасы шамамен 5 балл болатын магнит дауылы болды. Сол уақытта күн жүйесіндегі мұндай белсенділік жер сілкінісін тудыруы мүмкін деген пікірлер айтылды. Мұндай әңгімелер күні кешегі, 4 наурызда болған зілзаладан кейін де көбейіп кетті. Оның үстіне желіде наурыз айының ортасында ең күшті магнит дауылы болады деген болжамдар да халықтың үрейін үдетіп жіберді. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі магнит дауылы жер сілкінісін тудыруы мүмкін бе деген сауалды сейсмолог маманға қойды.

магниттік дауыл

Фото ашық желіден

25 ақпанда амплитудасы шамамен 5 балл болатын екі күндік магнит дауылы болып өтті. Бұл – қуатты толқулардың бірі екені айтылған. Ғалымдар күнде болған бұл жарқылды X6.3 деп жіктеген. Осы ретте X класына жататын күн жүйесіндегі жарқылдардың ең қуатты болып саналатынын айта кеткен жөн. Ал мұндай алаулар күшті магнит дауылдарын тудыруы ықтимал.

Қазақстан ұлттық ғылым академиясының сейсмология институтының негізін қалаушы, профессор Әлқуат Нұрмағамбетов табиғатта ешнәрсе кездейсоқ болмайтынын және барлығы бір-бірімен байланысты құбылыстар екенін айтады. Оның сөзінше, жер сілкінісі жердің астындағы геологиялық-тектоникалық процестермен байланысты. Ал күндегі жарқыл мен магнит дауылы – күннің айналасында болатын процестер. “Тікелей жер сілкінісіне қатысы жоқ, бірақ...” – деп бастады сөзін ардагер сейсмолог.

“Жер сілкінісі болуы мүмкін, жердің қойнауындағы энергиялар бөлінеді-ау деген болады ғой зілзала жақындаған кезде. Сол кезде оған өзіндік әсері бар. Бірақ тікелей жер сілкінісін қоздырмайды (магнит дауылы – ред.). Техногендік әсер дейді оны. Мысалы, пайдалы қазбаларды қарқынды игеру кезінде жер сілкіністері туады. Мұндай жағдайлар Атырау мен Ақтаудағы мұнай-кен орындарында болып тұрады. Мұны техногендік жер сілкіністері дейді. Жер мен Ай деген екі планета бар, олардың арасындағы тартылыс заңдары бар. Оның да жерге өзіндік әсері болады. Теңіздің сулары кейде тасиды, кейде тартылады – соның барлығы ай мен жердің арасындағы тартылыс заңына байланысты. Оның да жер қойнына әсері бар. Бірақ тікелей емес жанама әсері болады”, – дейді ол.

Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков жердің сейсмикалық қасиетіне күн белсенділігінің әсері туралы мәселе бұрыннан зерттеліп келе жатқанын айтады. Алайда ол күн жүйесінде болатын жарқылдың қуатты жер сілкінісін тудыруы мүмкін деген пікірмен келіспейді.



“Күн белсенділігі кезінде мұндай жарқылдар аптасына 3-4 рет болады, бірақ бұл апта сайын тектоникалық плиталар қозғалып, оның соңы жер сілкінісіне алып келеді дегенді білдірмейді", – дейді ол.

Әлқуат Нұрмағамбетов күн жүйесіндегі белсенділіктің 4 наурызда Алматыда болған жер сілкінісіне қатысы жоқ екеніне сенімді. Бұған дейін оңтүстік астанада қуаты 5 балдық жер сілкінісі болған. Бұл тектотинакалық апатты аймақта орналасқан қалада екі айда болған екінші жер сілкінісі екенін қоса кетейік.

“Бұл осы ауданның өзіндік тектоникалық процестердің, таудың түбірінде болып жатқан нәрсе. Бұған жоғарыдағы атмосферада болып жатқан құбылыстардың әсері жоқ. Алайда нақты жоқ деп те айту қиын. Өйткені табиғаттағы құбылыстардың бір-бірімен байланысты екенін жоғарыда айтып өттік. Кейбір кезде бір уақытта сәйкес келе қалады. Сосын көбі “бәрі бір-бірімен байланысты екен” дейді. Бірақ мұның барлығы бұған дейін жан-жақты зерттелген, әлі де зерттеліп жатыр”, – деп түсіндіреді сейсмолог.

Әлқуат Нұрмағамбетов жанама әсердің қандай болатынын қарапайым тілмен түсіндіріп те беруді жөн көрді.

“Баяғыда аталарымыз түйеге керуен артып көшіп жүргенде менің үлкен атам айтып отыратын. “Жүк тиеп келе жатқан түйенің шаршағанын білу үшін басымдағы қалпақты түйенің үстіне іліп қоямын. Салмағы көп болса жарты келі болар, бірақ соған түйе терлеп қоя береді” – дейтін. Сонда қарап тұрсаң кішкентай ғана әсер, бірақ сол терлеп қоя бергеніне қарап түйенің шаршағанын білген. Міне, жанама әсер деген – сол”, – деп жалғады ол.

Ардагер сейсмолог жер сілкінісінің бірден бола салмайтынына да назар аударады.

“Жер сілкінісі деген ондаған-жүздеген жыл бойы дайындалады. Энергия жиналады. Жердің астындағы, таудың қойнауындағы тектоникалық процестер – үздіксіз жүріп жатқан нәрсе. Неге Алматыда жиі жер сілкінеді деп сұрақ қояды. Өйткені Алматыны Іле, Күнгей, Теріскей, Көкшал тауы, солтүстік-шығыста Жоңғар Алатауы, батыста Қырғыз Алатаулары қоршап тұр. Оның қойнауларында үздіксіз процестер жүріп жатыр. Сол процестер жер бетінде жер сілкінісі болып білінеді”, –дейді Әлқуат Нұрмағамбетов.

Жер сілкінісіне тікелей әсер етпейді деген сейсмолог магнит дауылдарының адам ағзасына әсері бар екенін атап өтті. Магнитті толқудың қарқыны адамдардың денсаулығы мен көңіл-күйіне тікелей әсер ететіні бұған дейін де ескертілген.

Геомагнит өрісі белсенділігін зерттеуге сәйкес, магнит дауылдарының әсері жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға тез білінеді. Сонымен қатар егде жастағы адамдардың геомагниттік белсенділіктің өзгеруіне сезімталдығы анықталған. Созылмалы аурулары бар адамдарда дененің магнит дауылдарына реакциясы күшейіп, симптомдардың өршу қаупі артатыны да белгілі болған.

Сол себепті көп мамандар денсаулықтағы өзгерістерге дайын болу үшін күн белсенділігі мен магнит дауылдарына қатысты болжамдарды бақылауды ұсынады.

Бұған дейін сейсмолог жер сілкінісің күшейген тұсы мен баяулау сәті болатынын айтқан.

Талқылау