Алматыда шешек дерті өршіп тұр: Дәрігер ауру қалай тарайды және одан қалай қорғануға болатынын айтып берді

Фото: gemotest.ru
Қазан айында желіде Алматыда желшешек жұқтырған 14 баланың жансақтау бөліміне түскені туралы ақпарат тарады. Алайда қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин бұл мәліметті жалған деп мәлімдеді. Дәрігердің айтуынша, желшешек көбіне жеңіл өтеді, бірақ кей жағдайда асқынып кетуі мүмкін. Осыған байланысты Stan.kz бас дәрігерден желшешек қалай жұғады, аурудың белгілері қандай және бала ауырған кезде қандай күтім қажет екенін сұрадық.
Алматы қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералиннің айтуынша биыл жыл басынан бастап қалада желшешек (шешек) ауруына шалдыққан балалардың саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен.
"Әртүрлі ауырлық дәрежесіндегі желшешек диагнозы қойылған 183 бала ауруханаға жатқызылып, толық емделіп шықты. Ауру кейде асқынған түрінде өтіп, орталық жүйке жүйесі мен тыныс алу жолдарының зақымдалуымен көрініс береді, – деді бас дәрігер.
Маманның айтуынша, желшешекпен сырқаттанушылықтың артуына маусымдық ерекшеліктермен қатар, халық арасында вакцинацияның жеткіліксіздігі де әсер етіп отыр.
"2025 жылдың 9 айында желшешекпен сырқаттанушылық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 38,8 пайызға артты. Бұл көрсеткіштің өсуіне балалардың екпемен қамтылу деңгейінің төмен болуы және ата-аналардың сақтық шараларына жеткілікті мән бермеуі себеп", – деп түсіндірді ол.
Бұған дейін кейбір ақпарат көздерінде жансақтау бөліміне түскен балалар туралы мәлімет тараған еді. Алайда бас дәрігер бұл ақпаратты теріске шығарды.
"Желшешек диагнозымен бірде-бір бала жансақтау бөліміне жатқызылған жоқ. 1-14 қазан аралығында реанимацияда болған 14 баланың жағдайы басқа аурулармен байланысты – оларда екі жақты пневмония, тырыспа ұстамалары және жедел тыныс жетіспеушілігі сияқты диагноздар қойылған. 24 қазанға дейін желшешекпен ауырған балалар арасында реанимацияға түсу дерегі тіркелген жоқ", – деп нақтылады бас дәрігер.
Маман ата-аналарды балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
"Өкінішке қарай, желшешекпен ауыратындардың басым бөлігі екпе алмағандар. Бұл инфекцияға қарсы вакцина міндетті профилактикалық екпелер тізіміне кірмейді және тек ақылы түрде жүргізіледі. Сондықтан ата-аналарға балаларын қорғау мақсатында вакцина салдыруды ұсынамыз, әсіресе мектепке дейінгі және бастауыш жастағы балаларды", – деді Алматы қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері.

Фото: dgkib.kz
Ержан Сералиннің сөзінше, желшешек көбіне балалар арасында таралғанымен, ересектерде де ауыр өтуі мүмкін вирустық инфекция. Аурудың бастапқы кезеңінде белгілер байқалмайды, бірақ вирус ағзада белсенді түрде көбейеді.
"Желшешектің инкубациялық мерзімі 7-21 күнге дейін созылады. Вирус адам ағзасына мұрын, ауыз және жұтқыншақтың шырышты қабығы арқылы түсіп, кейін қан және сөл арқылы тез тарайды. Аурудың алғашқы белгілері көбіне жеңіл суық тиюмен шатастырылады. Науқаста дене қызуы көтеріледі, әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, тамақтың жыбырлауы және лимфа бездерінің ұлғаюы байқалады. Кей жағдайларда денеде тез жоғалып кететін қызғылт бөртпелер шығып кетеді", – деді Ержан Сералин.
Инкубациялық кезең аяқталғаннан кейін аурудың айқын белгілері анық байқала бастайды. Көп жағдайда дене қызуы күрт көтеріліп, теріде қышитын ұсақ сулы бөртпелер пайда болады.
"Бөртпелер әдетте 8-10 сағат ішінде жарылып, қабыршақтанып кетеді. Аурудың ауыр өтуі көбіне алғашқы тәуліктегі дене қызуының деңгейіне байланысты. Қызу неғұрлым жоғары болса, соғұрлым денені бөртпе көбірек қаптайды. Егер ауру жеңіл өтсе, бөртпе аз әрі тез жазылады", – деп түсіндірді бас дәрігер.
Бөртпелердің қатты қышуы науқасқа қолайсыздық тудырады. Оларды қасу жараның іріңдеп, асқынуына әкелуі мүмкін. Бөрту кезеңінде терідегі бөртпелер бірнеше күн қатарынан жаңарып, бүкіл денеге тарайды. Аяқ пен алақанды қоспағанда, дерлік барлық бөлікте байқалуы мүмкін. Сауығу кезеңінде жаңа бөртпелер шықпайды, ал бұрынғылары жарылып, қабыршақтанып, шамамен бір апта ішінде ізі қалмай түсіп кетеді.
"Желшешек иммундық жүйеге айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан толық қалпына келу кезеңі бір жылға дейін созылуы мүмкін. Осы уақытта ағзаны әлсіретпеу, дұрыс тамақтану және демалыс режимін сақтау өте маңызды", – деп ескертті бас дәрігер.
Желшешектің алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация. Дегенмен бұл екпе Қазақстандағы міндетті профилактикалық егулер тізіміне енбегендіктен, тұрғындарға ақылы негізде ғана қолжетімді.Қалалық клиникалық инфекциялық аурулар ауруханасының мәліметінше, Алматыда желшешекке қарсы вакцина салдыруға болатын 5 егу пункті тіркелген. Олар: International Medical Center ЖШС (2 пункт), "Алматы Приват клиникасы" ЖШС, International SOS ЖШС, "Фармаком" вакцинация клиникасы, сондай-ақ "Dadao" педиатриялық орталығы мен "Карудо" ЖШС.
"Қазіргі уақытта желшешекке қарсы VARICELLA вакцинасы бар. Бұл Varicella zoster (штамм Oka) әлсіздендірілген вирусынан жасалған тірі вакцина. Ол 0,5 мл көлемінде, әдетте иық аймағына тері астына енгізіледі. Әлсіретілген вирус ауру тудырмайды, бірақ ағзада Varicella zoster вирусына қарсы арнайы антиденелердің түзілуін қамтамасыз етіп, тұрақты иммунитет қалыптастырады", – деп түсіндірді бас дәрігер.
Аталған вакцинаны Қытайдың Changchun Keygen Biological Products Co., Ltd. компаниясы өндіреді. Оның құрамына тұрақтандырғыш заттар (желатин, сахароза) мен препараттың сақталуын қамтамасыз ететін аз мөлшердегі неомицин кіреді.
"Үкіметтің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысына сәйкес, тек міндетті профилактикалық егулер тізіміне енгізілген вакциналар ғана тегін жүргізіледі. Ал желшешекке қарсы вакцина бұл тізімге кірмейді. Желшешекке қарсы екпе әзірге міндетті профилактикалық егулер қатарына енгізілмеген. Сол себепті вакцинация тек ата-аналардың қалауымен және ақылы түрде жасалады", – деді бас дәрігер.
Маманның айтуынша, вакцинация ағзаны аурудан ұзақ мерзімге қорғап, эпидемиологиялық қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Қазір желшешекке қарсы вакцина Қазақстандағы міндетті профилактикалық егулер тізіміне енгізілмеген. Жеке медициналық ұйымдардың вакцинация бойынша міндеттемелерін орындамау фактілері тіркелмеген.
Халық елде жұмыс, үкімет 500 мыңға жұмыс істейтін адам жоқ дейді. Елде жоғары айлықты кімдер алады?