Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"25 жаста мәжіліс депутаты атанудың нақты формуласы жоқ": Еліміздің ең жас депутаты Мәди Ахметов мансабы, жастар саясаты туралы

Алдағы бес жылда "Jas Otan" мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердегі жастар санын 20%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Бұл алдағы уақытта жаңа есімдер мен жаңа көшбасшыларды көреміз деген сөз. Биылғы парламент сайлауында мәжіліс депутаты болып 25 жасында сайланған Мәди Ахметов - еліміздің тарихындағы ең жас депутат.

Мади Ахмет

Мәди Ахметов бұған дейінгі сұхбаттарында бай, ықпалды туыстары жоқ деп сендірген еді. "Мені аға немесе көке қолдамайды. Бұл қызмет үлкен жауапкершілік артады. Бар күшімді, білімді саламын", - дейді ол.

Ол сондай-ақ стереотипті өзгерту керектігін, жастарға жол ашу керегін, олардың өздерін көрсетуге мүмкіндік беру керекгін алға тартты.

"Содан кейін біз "жастарға жол" дейміз, ал жастар келе жатқанда, біз тағы да "әлі тым жас" деп бастаймыз", - дейді Ахметов.

Мәди Ахметов 1995 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "журналистика" әлеуметтік білім бакалавры, 2019 жылы "Саясаттану" мамандығы бойынша бітірген, әлеуметтік ғылымдар магистрі.

2017 жылы 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Универсиада барысында 500 еріктінің жұмысын үйлестірді.

Мәди Ахметов "Nur Otan" партиясы жанындағы "Jas Otan" жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы болды.

Арыстағы әскери қойма жарылысы, Мақтааралдағы су тасқыны, коронавирус пандемиясына байланысты күшейтілген карантин - Мади Ахметов гуманитарлық көмек жинап, тарату арқылы адамдарға көмектесті. Өз қызметі үшін көптеген марапаттар мен алғыс хаттарға ие.

"Мен студенттік кезімнен бастап волонтерлік және қоғамдық қызметпен айналыстым. Сондықтан мен жастардың проблемалары туралы көп білемін, бәрін өз көзіммен көрдім, әрқашан адамдармен тікелей сөйлестім. Мәжілісте жұмыс істейтін бес бағытты атап өтер едім: кадрларды даярлау, жастар үшін жұмыс орындарын құру, жас отбасыларды қолдау, тұрғын үй мәселелері және волонтерлік қызметті одан әрі дамыту", - деді Ахметов Azattyr Ryhy Youtube-арнасына берген сұхбатында.

Еліміздегі жастар мәселесін көтеріп жүрген ол көңіл аудару керек өзекті шаруалар барын айтады. Stan.kz тілшісі жас депутатпен тілдесіп, 25 жаста қалай депутат атануға болатынын сұрады. Сұхбат барысында Қазақстанда жастар неден бас тартуы керек, олар мемлекеттен жеткілікті қолдау алып жатыр ма деген сұрақтармызды да қойып үлгердік. 

—  Ең жас депутатсыз. Сіздің жасыңызда депутат болу үшін жастарға қандай кеңес айтасыз?

— Нақты бір формула жоқ. Егер былай жасасаң, сен ғалым болып кетесің, ақын болып кетесің деген сөз жоқ қой. Мұның басы қоғамда болып жатқан түрлі жағдайларға белсенді араласудан басталды. Мәселен, Мақтараладағы су тасқыны кезінде күні-түні басы-қасында болдық, пандемия басталған кезде үш айдан астам уақыт жұмыс жасадық. Арыс оқиғасы кезінде біз ең біріншілердің қатарында сол жерге барып, жастардың басын біріктіріп, өз үлесімізді қосуға тырыстық. Мұның бәрі мақта үшін, немесе атақ абырой үшін емес, сондай бір көмек көрсету керек болды. Түк ойланбастан "Жас Отандықтармен" осы жұмысты атқардық. Кейіннен "Праймериз" сайлау науқаны басталған кезде қатыстым. Барлық деңгейінен өтіп, партияластардың қолдауына ие болып, жауапты да қиын, маңызды қызметке сайландым. Қызметіме байланысты артылар жүк ауыр. Қазір қолға алып жатқан ең негізгі мәселелердің бірі - студенттік жатақханалардың жай-күйін жақсарту. Үкіметке алты талапты қойып тұрып сауал жолдадым. Жауабын алдық. Қазір ай сайын өз бақылауымызда ұстайтын боламыз. 

— Сіздің ойыңызша, Қазақстанда жастар қандай құндылықтарды бойына сіңіруі керек?

— "Қазақстан жастары 2020" атты соңғы зерттеулерді алып қарасақ, ғылыми зерттеу орталығының қызметкерлерімен жүргізген талдауларына сүйенсек, негізгі жастардың ойындағы басым құндылықтар отбасы, денсаулық, достық деген сияқты ақпараттарға көз жеткіздік. Бұл - барлық жастардың ойы емес, тек респонденттердің ғана пікірі. Дегенмен қазіргі жастардың негізігі құндылықтары: жақсы оқу орнына түсу, сол оқуын абыроймен бітіру, тұлға болып қалыптасып, жақсы қызметке орналасып, содан кейін ғана отбасын құру. "Неге жастар кеш шаңырақ көтереді?" деген сұраққа нақты жауап бар. Қазіргі жастарымыз алдымен материалдық құндылықтарын қамтамасыз етіп, әбден қалыптасып аламын дегенше 30-ға келіп қалады. Сондықтан кеш отбасы құрылады, тұрмысқа кеш шығады. 

Негізі құндылықтар денсаулық, отбасы деген респонденттердің ойымен келісемін. Жалпы адам дүниеге келгеннен кейін оны қалыптастыратын негізі орталар бар. Бұл - отбасындағы тәрбие. Отбасында ата-анасы көңіл бөлді ме, кейін өсе келе ортасы, араласатын адамдары және мектептегі ортасына қарай, мұғалімдері берген кеңестерге қарай баланың өзіндік құныдылықтары қалыптасады. Қазақстандық әрбір жастың өзіндік көзқарасы, өзіндік принципі, пікірі бар. 

— Ал жастардың осы айтып отырған ойлау жүйесінде, пікірінде қандай кемшіліктер бар?

— Кемшілік деп айтқанымыз дұрыс емес шығар. Әркімнің өзінің ұтымды тұстары болады. Қазіргі таңда жастар арасында "клиповое мышление" белең алып келе жатыр. "Клиповое мышление" дегеніміз әлеуметтік желі арқылы ақпаратты қабылдау. Бұл кемшілік емес, заман талабы шығар. Бір жылдан астам уақыттан бері карантин, пандемия салдарынан қаншама адам телефонға, гаджеттерге телміріп қалды. Жеке тірі қарым-қатынастың барлығы үзіліп қалды. Кемшілік бар деп үзілді кесілді айту дұрыс емес. 

Тағы бір ескеретін жайт, білім беру саласымен тікелей байланысты. Бір жылдан бері оқушылар онлайн оқып жатыр. Бірінші сыныпқа енді барғандары бар. Олар мектепті, сыныптастарын, мұғалімін көрмей қалай қалыптасады? 

Синтетикалық есірткінің таралуы да үлкен проблема, әсіресе Алматы да жастарының арасында көбейген. Одан бөлек, жеңіл ақшаға құмартқан жастар түрлі пирамидалық және алаяқтық ұйымдарға алданып жатыр. Олар өз жұмыстарын ашық хабарландыру арқылы жариялап жатыр. Тез баюды көздеген олар түрлі пирамидалық ұйымдардың қарамағына түсіп, несие алады. Оны қайтара алмаған соң ұрлыққа түсуі мүмкін. 

Жастар арасында қалыптасып жатқан топтар бар. Q-POP тенденцияда жүрген жастардың өз әлемі бар. Бұдан басқа, 1,5 млн жас ауылды жерде тұрады. Олардың өзіндік көзқарастары бар. Біз әрдайым ұмытып кетіп жататын мүмкіндігі шектеулі жастарымыз бар. Сондай-ақ, балалар үйінде тәрбиеленген жастар тобы баршылық. Осылармен тікелей байланысқа шығып, кейбір жағымсыз жайттардың алдын алу үшін жұмыс жасау керек деп ойлаймын.

Мади Ахмет

— Қазіргі қазақ жастары патриот па? Отансүйгіштік қасиеті артуы үшін не істеу керек?

— Халық санының 20%-дан астамы жастарды құрайды. 14-29 жас аралығындағы жастарымыздың саны 4 млн құрайды. Жастардың Қазақстанның дамуына қосып жатқан үлесі аз деп ойлаймын. Қаншама адам бар болса, патриотизмді де әркім әрқалай түсінеді. Пандемияның бастапқы кезінде, былтыр наурыз айында Елбасының тікелей тапсырмасымен "Біз біргеміз" атты жалпы ұлттық акциясы басталды. Президенттің бастамасымен 2020 жыл "Еріктілер" жылы деп бекітілді. Осының аясында еліміздің түкпір-түкпірінде жастарымыз сол уақытта өзінің өмірін қауіп-қатерге тігіп, ешбір қаймықпастан, әлеуметтік аз қамтылған, көмекке мұқтаж жандарға азық-түлігін жеткізді. Алматы қаласында үш айдың шамасында күн-түн демей еңбектенген 200-250 адамнан құралған еріктілер штабындағы бір ерікті бір тиын ақша алған жоқ. Барлықтарының ойы, мақсаты: "Осындай қиын сәтте біз көмектеспесек, кім көмектеседі? Шығайын, бір адамның алғысы болса да, батасы болса да алайық" деген ниетпен жүрген жастармен жұмыс жасадым. Бұл - патриоттықтың көрсеткіші. Ел басына күн туғанда, қиын эпидахуал орын алған кезде, барлығы үйіне қамалған кезде біздің жастарымз қиналмастан шығып, өз үлестерін қосып, үлкен сауап іс жасады. Сондықтан біздің жастарымыздың бойында патриоттық қасиет бар деп ойлаймын. 

Бұл қасиетті арттыру мақсатында әлі де жұмыс жасау керек. Қазір мектеп жасында бастауыш сыныптар үшін  "Жасұлан" патриоттық ұйымы бар. Одан кейін "Жас қыран" жасөспірімдер ұйымы мен Қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып жұмыс жасайтын "Жас сарбаз" ұйымы бар. 

— Жастар мемлекеттен жеткілікті қолдау ала алып жатыр ма? Қалай ойлайсыз, қандай қолдау шараларын күшейту керек?

— Жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Мысалы, кәсіпкер жастарға арналған "Жас кәсіпкер", "Бастау бизнес"; олардың үй алуына жағдай жасайтын "Жас отбасы"; диплом алған соң жұмысқа орналасуына үміт беретін "Жастар практикасы"; ауылдық жердегі кадр тапшылығын өтеу үшін жастарға көмектесетін "Дипломмен - ауылға"; оңтүстік өңір жастарын солтүстікке бейімдеу бойынша тегін негізде грант бөліп, жұмысқа тұруына жағдай жасайтын "Серпін"; жастардың еңбегін елеу мақсатында және ынталандыру үшін екі жылда бір берілетін "Дарын" мемлекеттік-жастар сыйлығы қаржылай да көмек ұсынады; Алматы қаласында жүзеге асып жатқан "Алматы жастары" бағдарламасы тұрғын үймен қамтамасыз етеді; жұмысшы жастарды жалдамалы пәтермен қамтитын Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жүзеге асып жатқан "Жастарға арналған тұрғын үй" бағдарламасын атап өтуге болады. 

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен "Президенттік жастар кадрлық резерві" жобасы аясында 300 қазақ жастары іріктелініп алынды. 

Осындай бағдарламаларды көріп-біліп отырмыз, жеткілікті ақша бөлінген, бірақ жастарға жеткізу, жастар арасында насихаттау, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, ақпараттық науқанды жүргізу өте төменгі деңгейде деп айтар едім. Әрине, қазіргі дамыған заманда әркім өзі үшін еңбек ету керек. Әрбір өңірде 2 000-нан аса жастар ресурстық орталығы жұмыс істеп жатыр. Оның жұмысы үшін жергілікті бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінеді. Сол жастарға бағдарлама туралы түсіндіру жұмыстарын жастар орталығына жақсылап жүргізуді тапсыру керек. 

"Болашақ" халықаралық стипендиясы туралы да ұмытпау керек. Бұл бағдарлама қазақ жастарына жасалған теңдесіз мүмкіндік деп білемін. 

Мади Ахмет

— Экология мәселелері жөніндегі комитетте болдыңыз. Қандай негізгі экологиялық мәселелерді байқайсыз?

— Қазақстанда экологиялық қиын жағдайлар қалыптасқан аймақтар мен елдімекендер аз емес. Оның ішінде Алматы қаласындағы ауаның ластануы, Арал мәселесі, Семей ядролық полигонының салдары, Байқоңыр ғарыш айлағындағы гептилдан жапа шегіп жатқан халықтың мұңы және су тапшылығы, қалдықтарды өңдеу сынды экологиялық мәселе көп. Менің қарастырып жатқан тақырыбым - өскелең ұрпақ бойында экологиялық білімді, мәдениетті қалыпастыру. Егер біз мектеп жасынан экологиялық мәселелерді көтерсек, түсіндірсек өскелең ұрпақ тек табиғатпен ғана емес, жануарларға да жанашырлықпен қарайды. Қазіргі кезде үй жануарларына деген қатыгездік көбейіп кетті. 

Тағы бір мәселе экологияға қатысты барлық тақырыптар мен ақпараттар орыс тілінде. Қазақ тілінде өте аз. Мәселен, біреу зерттеп қараймын, оқимын десе қазақ тілінде ақпарат таба аламайды. 

—  Экология мәселелері жөніндегі комитеттің нақты мақсаттары мен міндеттері қандай?

— Былтыр Экологиялық кодекс қабылданды. Негізгі мақсат - министрлік қарастырған заң жобаларын мәжіліске өткізгеннен кейін талқыға салып, кемшіліктерін саралап, экология мәселесін заңды тұрғыдан шешуге атсалысу, мәселелерді шешуде жұмыстардың атқарылуына жағдай жасау. Барлық мәселе өз шешімін табатындай ету. Комитет қызметкері экологиялық мәселелер бойынша Үкіметке сауал жолдап, бақылауда болуын, шешу жолдарын қамтамасыз етіп отырады. 

— Сұхбатыңызға рахмет!

Талқылау