Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лионель Месси екінші рет әлем чемпионы атануды көздеп отыр

Фото:Getty images

Даңқты аргентиналық футболшы Лионель Месси 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында ұлттық құрамасымен бірге чемпиондық атағын қорғауға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Ең алдымен — ниет. Ниет те, ықылас та зор. Бірақ өзімді жақсы сезіну де маңызды. Командаға пайда әкеліп, бар мүмкіндігімді көрсетуім керек”, — деді Месси журналист Фабрицио Романоға берген сұхбатында.

Футболшының айтуынша, Аргентина сапында екінші мәрте әлем чемпионы атану — ерекше сезім. Ол алдағы турнирдің жоғары деңгейде өтетініне сенімді екенін айтты.

“Ұлттық құраманың намысын қорғау — әрдайым ерекше сезім. Ал әлем чемпионатында ойнау — тіпті ерекше. Менің ойымша, турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Дегенмен, АҚШ, Канада және Мексика арасындағы ұзақ ұшулар ойыншыларды шаршатуы мүмкін. Соған қарамастан, тағы да әлем чемпионатында ойнап, біз жеңіп алған титулды қорғау — керемет болар еді”, — деді Месси.

Айта кетейік, Лионель Месси қазіргі таңда "Интер Майами" клубында ойнайды. Ол 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатында Аргентина құрамасымен бірге әлем чемпионы атанған.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 03 Қараша, 2025 15:41
Талқылау