Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лицензиясынан айырылған университет студенттері стипендияларын әлі ала алмай жүр

Алматыда Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің студенттері 4 айдан бері стипендияларын ала алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап. 

Олардың айтуларынша, 7 жыл білім алған университет бір-ақ күнде лицензиясынан айырылып, жабылып қалған. Сөйтіп, мыңдаған білімгер оқу жылы аяқталмай жатып басқа жоғары оқу орнына ауысуға мәжбүр болады. Ақылы бөлімде оқитын студенттерге жаңа университет басшылығы оқу ақысын қайта төлеткен. Ал ақшаларыңды қайтарып береміз деген Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінен әлі хабар жоқ көрінеді.

Сондықтан екі университет басшылығына да, денсаулық сақтау министріне мәселелері бойынша хат жазған.

Студенттер арасында оқу жылының басында бірден 700 мың теңге көлемінде жылдық ақысын төлеп қойғандар бар. Олар қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әр білімгерге кемінде 200 мың теңге қарыз деп отыр. Сондықтан бұрынғы оқу ордаларына келіп, ректормен кездеспек болды. Алайда күзетші түрлі сылтау айтып, табалдырықтан әрі асырмапты.

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің заңгері оқу ақысын өтемеген студенттердің қаржысы түсе сала, толық төлегендердің ақшасы қайтарылатынын айтады.

“Бөліп-бөліп төленеді. Өйткені бірден бүкіл студенттерге біз қайтара алмаймыз ол ақшаны. Ақша есепшотқа қалай түседі солай барлық студенттерге бөліп қайтарып жатырмыз”, – дейді заңгер Зәуре Ержанова.

Ал Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің өкілдері студенттер маусым айынан бастап ауысып келе бастады дейді. Қазір олар сабақтарын жалғастырып жатыр екен. Ал оқулары аяқталған соң дипломдарын алатын болады.

“Қазір денсаулық сақтау министрлігімен келісім жасалып жатыр. Жақында бітуі тиіс. Барлық құжат дайын болған соң, министрлік наурыз, сәуір, мамыр айларының ақшасын аударады. Бұл осы студенттердің шәкіртақы алмаған кезеңі. Мәселе алдағы екі-үш аптада шешілуі керек. Ал денсаулық сақтау министрлігіндегілер білімгерлердің тізімін бүгін ғана алдық, тексеріп жатырмыз дейді. Айтуларынша, тиісті жұмыстар біткен соң, барлық студенттің шәкіртақысы төленеді”, – дейді қазақ ұлттық медициналық университетінің қаржы директоры Әсет Өтегенов. 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 01 Шілде, 2021 10:21
Талқылау