Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лязат Ақтаева: Ауруханаларда расымен орын жетіспеуде

Еліміздің түкпір-түкпірінде "жедел жәрдем келмейді", "ауруханаға жатқызбай жатыр" деп шағымданушылар көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарып жүрген Лязат Ақтаева да елдегі аймақтардың кейбірінде науқастар жататын орынның тапшы екенін растағандай болды. 3 өңірдің ауруханаларында белгіленген төсектен тыс сырқат жатқызылғаны туралы ресми дерек айтқан шенеунік вирус жұқтырғандар ауруханаға сыймай жатқан аймақтарда карантин күшеюі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына  сілтеме жасап.

больница

Сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек, ауыр хәлде жедел-жәрдеммен келген анасын, ауруханаға жатқызбады деп қала әкімінің жұмыстан кетуін талап еткен. Ол мемлекеттің қаржысына шұғыл түрде салынған үш аурухананың бірі орналасқан Шымкенттің өзінде осындай жағдайдың болғаны ақылға қонымсыз дейді

"5 миллиард жұмсалған госпиталь кім үшін салынған? Бай-бағландар, әкімдер үшін бе? Министрлер үшін бе ? Президенттер үшін бе? Сонда қарапайым халық не істейді?" - дейді Айгүл. 

Бүгінгі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы сұрақтарға жауап бергендей болды. Лязат Ақтаева айтқан ресми дерекке сәйкес,  Павлодар облысында ауруханалардағы орындардың 131 пайызға толғаны көрсетілген. Бұдан бөлек Ақмола және ШҚО облыстарында науқастардың саны бөлінген орыннан артып кетіпті. 

"Бос емес төсектер 70 пайыздан артық болса немесе осы көрсеткіш 90 пайыздан жоғары болса, карантиндік және шектеу шараларын күшейту қажет. Тек үш өңірде ғана шектеу шаралары бұрынғы көлемде қалдыру мүмкін", - дейді Ләзат Ақтанова.

Сарапшылар карантинді күшейту мәселені шешпейді дейді.

"Бүкіл қаланы жабу, қайтадан блок-посттарды енгізу деген, менің ойымша, ешқандай эффект бермейді. Неге? Себебі коронавирус халықтың ішінде тарап кеткен", - дейді медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев.

Ал, елімізге Қытайдан арнайы келіп, бірнеше күн болып кеткен дәрігерлер қазақстандық мамандардың жұмысына жақсы баға берді деген ресми ақпарат айтылған еді. Журналист Ертай Нұсіпжанов өзінің парақшасында қытайлық дәрігерлердің пікірін жариялапты. 

"Қытайлық сарапшылардың тұжырымдамасын өздерінен оқыдым. Онда Қазақстанда вирусты анықтау жолдарының қиындығы, ауруды анықтайтын орындардың жеткіліксіз екендігі айтылған. Сол себепті келешекте Қазақстанда ауру санының көбейетіні туралы жазылған", - дейді журналист .

Көптеген сарапшылар қазіргі таңда жаңадан аурухана салғаннан халықты жаппай тесттен өткізуге басымдық беру тиімдірек деп отыр. Өйткені ауруын уақытында анықтаған адамның өзгелерге жұқтырмау мүмкіндігі артады дейді. 

Министрдің міндетін атқарушы алдағы уақытта тәулігіне отыз бес мыңға дейін коронавирусқа қарсы тест қабылдау жоспарланғанын айтты.

Сондай-ақ Ләзат Ақтаева ауруханалардағы орындардың жартысы бос болған кезде ғана карантин жеңілдетіледі деді.   
 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 22 Маусым, 2020 12:50
Талқылау