Қызылордада көлік жүре алмайтын көшелерден шаршаған тұрғындар, темір тұлпарларын жылқыға айырбастады
Қызылорда қаласының екі бірдей көшесідегі 100-ден астам отбасы шаҺар басшысымен кездессек, мәселесіне құлақ асар деп үміттенеді. Өйткені 13 жыл бұрын осы ықшам ауданнан үй салған жұрт шұрық-тесік жолдың кесірінен толарсақтан саз кешіп келеміз дейді.
Жолдың жоқтығынан ересектердің жұмысқа, ал балалар сабаққа жетуі мұң. Биліктің бей-жайлығына әбден азап көрген жұрт жүрер жолдарының қандай екенін көруге әкімнің өзін шақырып отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
«Құрметті әкім мырза, Сізді осы көшеге шақырамыз. Сіздің үстіңіздің бүлінбеуіне уәде береміз. Осы жердің халқы Сізге ат керек пе, болмаса аяғынызға боты керек пе, соны беруге уәде береді» – дейді тұрғын Князь Алтаев.
Бұл көшелерді Қызылорда қаласының ішінде деп айту қиын. Батпаққа батқан жолдардың астаң-кестеңі шыққан. Есік алдына шығудан қалған халық жауын жауса болды, резіңке етіксіз қадам аттау мүмкін емес дейді. Әсіресе жол азабын тартатын мектепке баратын оқушылар. Батпаққа батып жатпас үшін жүргізушілер көліктерін тас жолдың бойына тастап, әрі қарай жаяу кетеді екен. Ал жауын маусымында бір емес бірнеше аяқкиімді тоздырудан шаршаған кейбір тұрғындар балаларын мектепке апарып келу үшін жылқы сатып ала бастапты.
«2012-ден бастап осы жерге көшіп келдік. Балаларымызды амалдың жоқтығынан атпен тасып, мектепке апарамыз. Жарты жолға дейін хотя бы, трассасы бар көшеге дейін апарамыз. Басқа амалымыз жоқ» – дейді тұрғын Саида Айтпанова.
Тұрғындар соңғы үш жылдан бері қала әкімдігінің табалдырығын тоздырып келе жатқандарын алға тартады. Бірақ, келген басшылардың бәрі жағдайды дұрыстауға уәде беріп қуантқанымен, сөздерінде тұрмайтын көрінеді.
«Әкімдерге алдында арызданған кезімізде қала әкімінің орынбасары бізге уәде берген жолдарыңызды дұрыстап, жөндеп береміз деп. Сол уәдесі әлі жоқ» – дейді тұрғын Мейрамбек Беркінбаев. «Ешқандай нәтижесіз. Кеше осы жерде Сенатқа балотироваться ететін кезде келіп, списогымызды жазып алып кетті. Сондай кезде керекпіз да, ал мына көше жөндеу мәселесіне келгенде халық ешкімге керек емес» – тұрғын Князь Алтаев.
Қала әкімдігі болса, мәселеден хабардар екендерін айтады. Өткен жылы қалалық құрылыс бөлімі осы көшелерге жол төсеуге жоба сметалық құжаттарын жасапты.
«Сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі таңда құрылыс монтаж жұмыстарын бастау үшін Қызылорда облысы құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім жолданды» – дейді Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тұрсын Байменов.
Өтінімді жолдағанын алдыға тартқан шенділер бұл көшелерге жақын арада жол төселеді деп сендіреді. Ал, жаңбырлы маусымда белуардан саз кешіп, барар жеріне атпен қатынатып жүрген тұрғындардың күтуден басқа амал қалмай отыр.
Жіберіп алмаңыз:
Алматыда 23 жастағы бойжеткенді таныс жігіті алдап жалдамалы пәтерге апарып зорлаған
Шетелде діни білім алып жатқан қазақ студенттері елге қайтарылып жатыр
ШҚО-да жүктілігін отбасынан жасырған әйел баласын даладан тауып алдым деп әкелген
Талдықорғанда 4-қабаттан секіріп кеткен шенеуніктің ұлы жаңа деректерді мәлімдеді