Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайдан оралған қандастарымыз: Ең жаманы Қазақстанға оралғанда, барлығы менсінбей жақтырмайтын

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері 2016 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде 957 772 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, оралман мәртебесін алды. Олардың ішінде ең көбі – Өзбекстаннан, кейін Қытай мемлекетінен келген. Сырт елде туып өскен ағайындарымыздың өз елдеріне келгеннен кейінгі өмірлері қаншалықты өзгерді? Елім-жерім деп келгендегі үміттері ақталды ма? Шетте жүрген қандастарымыздың елге оралуларын қолдайды ма? Осы сұрақтардың жауабын Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі бірнеше адамдардан біліп көрді.

Қытайдан оралған қандастарымыз: Ең жаманы Қазақстанға оралғанда, барлығы менсінбей жақтырмайтын

Алғаш болып ойын білдірген Альмира Абдрашит атты қандасымыз Қытай елінен 1998 жылдары оралған. Оның айтуынша Қазақстанға оралуының басты себепкері әкесі болған екен.

«Біз Қазақстанға 1998 жылдары келдік. Болашақта жағдайдың осылай боларын білді ме, әкеміз бізді сол кезден бастап «Қазақстанға көшіңдер» деп үгіттеген. Алайда өзін қайтыс болғаннан кейін сол Қытайдағы Тарбағатай тауларының басына жерлеуді өтінді. Сонда «кейін немерелерімді осы жерге әкеп, мына жерде аталарың жатыр, бұл қазақтың жері деп айтасыңдар» деген еді. Осылайша әкеміздің айтуымен елімізге көшіп келдік», –  деп еске алды Альмира ханым.

Әрине, бастапқы кезеңде барлық елімізге оралған барлық қазақтар өзіндік қиыншылықтар көрген шығар. Бұл орайда пікірімен бөліскен Альмира алғашында орыс тілін білмегендіктен қиналғандарын жеткізді. Тіпті қазақша сөйлеген адамдарды көрсе туғанын көргендей қуанатынын айтып күлді.

«Алғашқы жылдары орыс тілін білмегендіктен қиналдық. Бірақ уақыт өте жергілікті қазақтар қазақша үйренсе, біз орыс тілін меңгеріп алдық. Мемлекет қолдау көрсетіп, баспанамен де қамтыған болатын. Алайда мен баспанадан бас тартып, оған өз еңбегіммен қол жеткізуге тырыстым. Осы елде оқуымды жалғастырдым. Көптеген тұлғалардың қолдауының арқасында үлкен жетістіктерге жеттік деп айтуға болады. Менімен бірге көшіп келген әпкемнің, інімнің де жағдайлары жақсарды.

Әрине соққылар да болды, бірақ өз еліңде жүргеннен кейін бұл шапалақты «өз анамыздың шапалағындай» қабыл алдық. Осындай соққыны Қытайда жесек өте ауыр тиер еді», – дейді ол.

Қазіргі таңда әлемде болып жатқан саяси жағдайды ескере отырып, жер бетіндегі барша қазақтардан өз еліне оралуларын сұраған Альмира, басқа мемлекеттер қазақтарды ешқашан өз ұлт өкілдеріндей қабыл алмайтынын айтады.

«Мен тек Қытайда ғана емес, басқа да мемлекеттерде тұратын қазақтарды білемін. Олардың барлығы саяси жағдайдың жақсы болғанына қарамастан өз елдеріне қайтқылары келеді. Өйткені шетелде кез-келген қазақты өз еліңде жүрсің деп қабылдамайды, оларды бәрібір бір саты төмендетіп тұрады. Сондықтан шетте жүрген қазақтарға айтарым «есің барда еліңді тап».

Ал Қытайдағы саяси жағдайды әңгіме қылатын болсақ, олар өз жеріндегі қазақтарды ешқандай өтемақысыз шығарып жібергілері келеді. Кеткісі келген қазақтар тарихи жерлерін тастап, ешнәрсеге таласпайтындай болу керек. Қазіргі болып жатқан қысымның себебі де осы болар деп ойлаймын. Олар қазақ халқының арасына іріткі салып, ішімізден жау шығарғылары келеді», – деп соңғы кездері екі ел арасында болып жатқан жағдайға қатысты да пікір білдірді.

Альмира Абдрашит Қазақстанда екі бірдей жоғары білім алып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың бірі. Отбасын да өз елінде құрып, бүгінгі таңда үш баланың анасы атанған.

Келесі кейіпкеріміздің де қазір жүргізіп отырған шағын кәсібі бар. Осы күнде отбасын құрып, екі ұл, бір қыздың анасы болған Гүлмира Өрікбаева Қазақстанға көшіп келгеніне еш өкінбейтінін айтады. Әрине алғашқы жылдары басынан өткізген қиыншылықтарымен де бөліскен еді.

«Біз алғаш Қытайдан көшіп келген жылдары ол жақтың өмірін Қазақстанмен салыстыруға келмейтін еді. Өйткені Қытай ұсқан құштай дамыған мемлекет болды, осылайша жұртымызға келгенде бір ауылға келгендей жағдайда болдық. Бірақ қазіргі таңда Қытаймен салыстырғанда біздің еліміз жақсы дамып келе жатыр деп айта аламыз. Қай жерге барсақ та қазағымыздың сөзін сөйлейтін тұлғалар бар. Күнкөріс жағынан біршама жақсарып келе жатырмыз», – дейді Гүлмира.

Қандасымызды қатты таң қалдырған елімізде қалыптасқан тіл саясаты болған екен. Бастапқы жылдары тілден қиналған ол бүгінде қазақ тілінің деңгейі көтерілгеніне дән риза.

«Қазақстан жерінде тұрып жатқан қазақтардың орысша сөйлегендері мені қатты таң қалдырды және орыс тілінің қолданыста көп болғаны біршама қиыншылықтар туғызды. Біз сонау басқа елде тұрып, тілімізді, дінімізді сақтап жүруге тырыссақ, жергілікті қазақтар тіпті туған тілдерін білмейді екен. Ең жаманы Қазақстанға келіп, қазақша сөйлесек, барлығы менсінбей, қайдан келдің дегендей жақтырмайтын.

Орыс тіліне келер болсақ, оны білмей қатты қиналдық. Біреудің аузынан қазақша жауап ала алмайсың, іс қағаздардың барлығы орысша болды. Тіпті құжаттарды жасату үшін қасымызға орыс тілін білетін адамдарды ертіп жүруге тура келді. Енді бүгінде тіл мәселесі тұрақтанып, жағдай жақсарып, сексен пайызға жуық отандастарымыз қазақ тілін біліп қалды. Өте қуаныштымыз», – деп қуанғанын жасырмады.

Жоғарыда айтылған Қытай мемлекетінде орын алып жатқан саяси жағдайға қатысты пікірді Гүлмира ханым да білдірді. Оның ойынша, диаспоралар  құқығы мәселесіне келгенде Қазақстан мемлекеті өте толерантты болып табылады.

«Қазақстанда өз құқығымызды ешкімге таптатпай, өзіміз қалағандай еркін өмір сүріп жатырмыз. Ал Қытайда бүкіл дүние жүзі көріп отырғандай артық бір ауыз сөз айта алмайсың, үкімет не айтады, соны істеуге мәжбүрсің, тіпті намаз оқуға рұқсат берілмейді. Ондағы қазақтар бүгін шетелдегі туыс-туғандарымен хабарласа алмайды, барлық діни тақырыптарды қозғауға бұғат қойылған. Өзіміздің Қытайдағы туыстарымызбен артық сөйлесе алмаймыз», – дейді ол.

Сонымен қатар, Гүлмира ханым Қазақстандағы көп қызметтердің тегін берілетініне әлі күнге дейін таңырқаулы екенін жасырмады.

«Қазақстанда көп нәрсенің халық үшін тегін берілетіні: білімнен бастап медицинаға дейін мені әлі күнге дейін таң қалдырады. Ал Қытайда тегін еш нәрсе жоқ, қатты ауырған жағдайдың өзінде шақырылған жедел жәрдем қызметкерлерінің әр минуты, әр қадамы ақша болып табылады. Және ол жақта білім де ақылы, әр оқушы ай сайын ақша төлеп оқиды. Ал Қазақстанда біріншіден мұның бәрі тегін, екіншіден бізге алғаш көшіп келген жылдары мемлекет тарапынан үлкен қолдау болды. Соның арқасында тіпті жүрген жолымызда тегін болатын», – дейді Гүлмира ханым.

Осы күні Қазақстанда тұрып жатқандарына қуанған ол ең бастысы қазақтардың ортасында екеніне риза.

«Ең бастысы біз өз қазағымыздың ортасындамыз, туыс-туғандарымыздың қасындамыз, ешкім аузымызға тосқауыл қоймайды. Өз ойымызды еркін жеткізе алатын мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Ал Қытайда осындай саяси жағдай орын алып жақтандықтан, ол жақтағы барша қазақ жұрты өз жерлеріне көшіп келсе екен деген армандамыз», –  деп сөзін аяқтады біздің кейіпкеріміз.

Ал келесі кейіпкеріміз 1996 жылы Қазақстанға келіп, жергілікті қазақ азаматына тұрмысқа шығып, бүгінде екі қыз, бір ұлдың анасы атанып отыр. Өз жеріне оралып, балаларын тәуелсіз Қазақстанда тәрбиелеп өсіріп жатқанына риза екенін айтқан Гүлсімнің үлкен қызы фармацевт мамандығы бойынша білім алып, болашақта өз елі үшін қызмет атқарып, оны дамытқысы келеді.

Қытайдан оралған қандастарымыз: Ең жаманы Қазақстанға оралғанда, барлығы менсінбей жақтырмайтын

«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ата-анамыз елімізге оралу туралы ойлана бастады. Осылайша 1996 жылы бүкіл отбасымызбен, әке-шешемізбен бірге келдік. Алғаш келген кездері өте үлкен айырмашылықтарды байқап жаттық. Ол жылдары біздің ел енді ғана тәуелсіздігін алған жас мемлекет еді. Сондықтан оны қарқынды дамып тұрған Қытаймен салыстыруға болмайтын. Көп уақытқа дейін үйренісе алмай жүрдік», – дейді Гүлсім.

Қандасымыз Гүлсім Әділбекқызы Қазақстанның білім жүйесіне әлі күнге дейін таң қалатынын айтады.

«Біз Қытайда таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін бос уақытымыз болмай, 12 жылдық білім алатынбыз. Ал Қазақстанда болса, тек бір ауысым ғана оқиды және 11 жылдық білім екен. Әрине, қазір енді білім саласы жағынан Қытайға жетіп қалдық жеуге болады. Сол жүйе бізге де еніп келе жатыр», – дейді Гүлсім.

Қытайдан оралған қандастарымыз: Ең жаманы Қазақстанға оралғанда, барлығы менсінбей жақтырмайтын

Жоғарыдағы екі кейіпкеріміз айтып кеткендей, басқа мемлекеттен келген көптеген қандастарымыз тілден қиналғандарын айтуда. Бір қызығы, өздері ана тілдерін сақтап, сол тілде сөйлеп келгенде біздегі халықтың көпшілігінің орыс тілінде сөйлегенін көріп таңданғандарын айтып жасырмайды.

«Жергілікті қазақтардың көбі орыс тілінде сөйлейтін. Біз Қытай мемлекетінде өмір сүрсек те, өзіміздің ана тілімізді ұмытпағанбыз. Бұл жағдайды қабылдау бізге өте ауыр тиді», – дейді ол.

Еліміздегі жақсы тұстарды атай отырып, білім алудың, емделудің тегін болғандығына қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, Қытайда тіпті полиция қызметкерлерін шақыртудың өзі ақылы екен. Сонымен қатар, елімізде азаматтардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалатынын айтып, өзінің Қазақстанда еркін өмір сүріп жатқанын мәлімдеді.

Отаным, өз жерім деп келген жылдары көптеген қиыншылықтарды бастарынан өткерсе де, соның бәріне төзіп, балаларының болашағы үшін барлық тосқауылдардан өте білген қандастарымыз осы күндеріне тәубәшілік етуде. Еліне оралып қана қоймай, қазақ халқының тілін, салт-дәстрүрін, әдет-ғұрпын сақтауға үлес қосатындарын айтады. Және де алыстағы туған жерің аңсап жүрген қазақтарды елге оралуға шақырады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау