Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атырау облысына жақын күндері үлкен су келе жатыр" – Премьер-министр жедел кеңес өткізді

Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің батысындағы су тасқыны жағдайы бойынша жедел кеңес өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Атырау облысы басшылығының алдына қала мен елді мекендерді жылжып келе жатқан тасқын сулардан барынша қорғау міндетін қойды. Үкіметке Батыс Қазақстан облысындағы секілді жұмыс ұйымдастыруды тапсырды. 

БҚО-дағы жұмысқа 11 мыңнан астам адам және 2 мыңға жуық техника тартылды. Ұзындығы шамамен 150 км болатын қорғаныс бөгеттері салынды, 1,3 млн құм толтырылған қапшық төселді.

Орал қаласында 18 тұрғын үй алабын бойлай тұрғызылған бөгеттер қауіпсіздікті толық қамтамасыз етті. Қаланың тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандарына су жеткен жоқ. Су басқан бау-бақша серіктестіктері мен Жайық өзенінің алқабында орналасқан бірқатар үйдің тұрғындары алдын ала қауіпсіз жерге көшірілді. 

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде 909 үйдің тұрғындары өз үйлеріне қайта оралды, 5 мыңнан астам мал басы қауіпсіз жерлерге жайылымға жіберілді.

Бүгінгі таңда облыстық жедел штаб пен су тасқыны салдарын жою жөніндегі комиссия 8 мыңға жуық өтінім жинап, мыңнан астам үйге бағалау жұмыстарын жүргізді. 1672 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары жалғасуда.

"Су тасқыны жағдайы тұрақталып келеді. Батыс Қазақстан облысында су тасқынының шарықтау шегі болып өтті. Мұнда жұмысқа тартылған барлық бөлімшелердің үйлесімді жұмысын атап өткен жөн. Бірлескен іс-әрекеттердің арқасында 84 елді мекенді су басуға жол берілмеді, сондай-ақ өңірдегі су тасқынының салдары барынша азайтылды. Қазір үйлерді қайтадан су басу қаупі сейілді. Төтенше жағдайлар, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың барлық қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне, еріктілерге және су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан барлық жанашыр азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін", – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр ендігі басты міндет – Атырау облысын дайындау екенін жеткізді. Айтуынша, күн сайын Жайық өзенінің су деңгейі көтеріліп, қауіпті деңгейге дейін шамамен 100 сантиметр қалды.

"Қазір үлкен су көлемі Атырау облысына қарай ағып жатыр, алдағы күндері шарықтау шегі күтіледі. Барлық күштерді жұмылдырып, басқа өңірлерден қосымша күш тартқан Батыс Қазақстан облысының тәжірибесін пайдаланған жөн. Су деңгейінің сағаттық мониторингін қамтамасыз етіп, қорғаныс бөгеттерінің ұзындығы мен биіктігін ұлғайту қажет. Біз өңірді қорғап, су тасқынына жол бермеуіміз керек", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Атырау облысында апаттық-құтқару жұмыстарына 13 мыңнан астам адам мен 1,2 мыңнан астам техника жұмылды. Облыста 500 шақырымнан астам бөгет салынды. Оның ішінде 242 шақырымы Атырау қаласындағы елді мекендердің бойында, 4,8 миллионнан астам қап контейнерлері пайдаланылды. Өзен сағасында, Каспий теңізінде тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр.

Талқылау