Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құс ақылды әрі өте таза болып шықты": БҚО тұрғыны жаралы аққуды үш ай бойы баққан

Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінің тұрғын жаралы аққуды аман алып қалып, асырап күткен. Тұрғын аққудың тазалығы мен ақылдылығына тәнті болғанын айтады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Егіндікөл ауылының тұрғыны Махамбет Құсайынов қаңтар айында көл маңынан жалғыз, тоңып қалған аққуды тауып алған. 

"Баламмен бірге көлге бардық. Сол кезде қамыс арасынан аққуды көріп қалдық. Басында сенбедік, кейін бұл шынымен аққу екенін түсіндік. Ол жарақаттанып қалыпты. Кейін оны өзімізбен бірге алып кеттік. Тамақтандырып, оған қамқорлық жасадық", – деді Махамбет Құсайынов. 

Аққу қыс бойы Махамбеттің үйінде болған. Олар оны бидай, жеміс-жидек және балықпен тамақтандырған. Ер адамның айтуынша, бұл аққу өте ерекше, ақылды әрі таза құс.

"Байқағаным, тіпті дәретханаға белгілі бір жерге ғана барады. Басқа құстар сияқты емес, өте таза", – деп қосты тұрғын. 

Көктемге қарай жаралы аққу сауығып, қанатын жайып үлгерген. Махамбет қауырсыны қатайған құсты бостандыққа жіберді.

Талқылау