Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құрылыс кезінде технология сақталмаған": Алматыда мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер қираудың алдында тұр

Алматыдағы "Жандосов" тұрғын үй кешенінің тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы сын көтермейтінін айтып шағымданды. Айтуларынша, жертөленің гидроизоляциясы дұрыс жасалмаған, салдарынан асты суға толып кетеді екен. Бір қызығы, күрделі құрылыс басқармасы мердігер мекемені сотқа беріп, жеңіліп қаллған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап. 

үй

Аталмыш тұрғын үйлер ескіріп, апатты жағдайға жеткен үйлердің орнына салынған. Алайда тұрғындар оның сол ескі үйлерден айырмашылығы жоқ екенін айтады. Себебі үй құрылысының сапасына қатысты мәселе жетіп артылады. Қазір "Жандосов" кешеніне көпқабатты 5 тұрғын үй кіреді. Солардың барлығының жертөлесі жаңбыр мен қар жауса, суға толып кетеді.

“Жоба бойынша гидроизоляция 4 қабаттан тұруы керек. Ал мұнда бетондағы тесікті көпіршікпен жаба салып, бетіне бірден асфальт төсей салған. Технология мүлдем сақталмаған. Мұны қалай қабылдағаны бізге түсініксіз”, – деді мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Марат Есен.

“Мен гидроизоляция жасаумен айналысатын мамандарға көрсеттім. Олар “Гидроизоляцияны түгелдей қайта жасау керек, жамап-жасқауға келмейді” деп отыр”, – дейді басқарушы компанияның бас инженері Михайл Попов.

Тұрғындар бастапқыда кеткен кемшіліктерді осы нысанға тапсырыс беруші күрделі құрылыс кәсіпорны түзетеді деп ойлаған. Шындап келгенде кәсіпорын құрылыстың сапасыз жасалғанын әу бастан білген. Екі тарап келіспей, сотқа жүгінген. Сөйтіп жүргенде кепілдік мерзімі өтіп кетіпті. Ал сот істі мердігердің пайдасына шешіп берген.

“Паркингтіңтің өзін 2015 пен 2018 аралығында "АГС Пласт" ЖШС атты басқа мердігер компания салды. Сотқа бергенде "Алмтыгипрогир" ЖШС атты бірінші жобалаушыны бердік. өйткені олар шешімді қабылдаған кезде солардың жобасы бойынша салынуы керек болған. Сотқа біз өз шағымымызды көрсеттік. Жұмыстардың барлығы, материалдрдың қалыңдығы да сақталмаған”, – деп мәлімдеді күрделі құрылыс кәсіпорнының бас инженері Бауыржан Төлеғұлов.

Соттан жеңілген соң күрделі құрылыс басқармасы бұл жұмысты басқа мердігерге тапсырған. Былтыр күзде олар су ағатын жерлерді жамап-жасқағандай болған. Бірақ әзірге одан қайран болмай тұр.

“Нүктелі жөндеу жұмыстары жүрді. Судың да былай айтқанда, кетем деген су жолын табады ғой. Бір жерді жапсақ, екінші жақтан шығады. Енді сол нүктелі суды тоқтатату мәселелерін жүргіземіз. Енді 100% кепілдік береміз деп айта алмаймыз”, – деп қосты Бауыржан Төлеғұлов.

Тұрғындардың жаңбырлы маусымға жеткізбей жертөленің гидроизоляциясын қайта жасап беруді сұрайды. Қазір оның ішінің қабырғасы дымқыл тартып, темір құбырлар шіріп жатыр. Электр желісі де бүліне бастаған. Тұрғындар енді су іргетасына зақым келтіре ма деп қауіптенеді. Ал күрделі құрылыс басқармасы 2-3 күнде жұмысты қайта бастауға уәде берді. Онымен былтыр жөндеу жұмыстарын жүргізген мекеме айналысады. Ал басқарушы компания құрылысқа тапсырыс беруші мекемені сотқа беруге дайындалып жатыр.

Талқылау