Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құлайды немесе көкке ұшады: Алматыда ескі үйлердің тұрғындары шенеуніктерді өздерімен бірге тұруға шақырды

Алматыда үш бірдей ескі үйдің тұрғындары шенеуніктерді өздерімен бірге тұрып көруге шақырды. Олар шенділер ғұмыры жарты ғасырлық үйде тұрудың "рахатын" сезінсе екен дейді. Тұрғындардың сөзінше, екіқабатты үйлер құлаудың шақ алдында тұр. Көктемгі жаңбыр жағдайды ушықтыра түсті. Салдарынан үйдің төбесі төмен түсіп, қабырғалар мен фундамент үгітіле бастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап. 

Тұрғындар ескі үйлерін апта сайын тексереді. Әсіресе, каркасты-қамысты үйлерді тыңғылықты қарамаса болмайды дейді. Өйткені мұнда жарты ғасырдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. 

"Үйде үнемі дымқылдық сақталып тұрады, кеуіп үлгермейді. Өйткені төбеден ағады. Қамыстан салынған үйде көгеру мен дымқылдылық үнемі болады. Киіміңді жудың не, жумадың не, автобусқа кірсең, үстіңнен иіс шығып тұрады. Ұят. Оған ештеңе істей алмаймыз. Туберкулез шығуы мүмкін, бірдеңе істеу керек", - дейді Светлана Колкова. 

Алматыда жауған толассыз жаңбырдың салдары тұрғындарды одан сайын әбігерлендіре түсті. Су пәтерлердің ішіне дейін кірген. Ал кей подъездерде өзендей сарқырап аққан. 



Оның салдарынан сылақ түсіп, төбе "отырып", ағаш баспалдақтар бұзылған.

"Қанша жылдан бері тұр. Баяғыда бәрі көгеріп кетті. Енді 1-2 жыл тұрса, бәрі құлайды", - дейді тұрғындардың бірі. 

Екіқабатты үйлер өркениеттен әлдеқайда кейін қалп келеді.Ғимаратқа табиғи газ кірмеген. Тұрғындар өмірлерін қауіпке тігіп, оны сырттан тасиды. Тұрғындар күндердің күнінде үйіміз көкке ұша ма деп қорқады. 
"Желілерге келсек, жағдай сұмдық. Әр пәтерде ауыстыру керек. Менің үйімде мысалы, әлі күнге дейін ескісі тұр. Арасында жөндеуге, бірдеңені ауыстыруға тырысамын. Бірақ бәрін ауыстырмаса, барлық тұрғындар жапа шегеді", - дейді Роман Иванников. 

Жергілікті әкімшілік үш үйдің жағдайы туралы хабардар.Алайда онда тұратын 32 отбасыға әзірге ұсынарлары жоқ. Бірнеше жылдан бері инвестор іздеп жатқандарын айтады. Биліктің жоспары бойынша, олар ескі үйлерді сүріп, жаңасын тұрғызуы тиіс. Әзірге ынта білдіргендер жоқ. 

"Мерзім бойынша барлық сауалдар ӘКК-ге. Нақты жауапты тек солар бере алады. Өйткені біз тек аудандағы ескі үйлердің тізімін ғана жасақтап береміз. Олар тізімді алды, сол бойынша жұмысты бастап кетті. Қазіргі уақытта Крылов пен Райымбек көшелерінде, сондай-ақ, Боткин көшесінің екінші учаскесінде жұмыстар басталып кетті. Екі инвестор табылып, құрылыс жүруде", - дейді Алматы қаласы, Жетісу аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Қуаныш Сейтімбетов. 

Алайда тұрғындар инвестордың табылатынына сенбейді. Олардың болжамында, үйлері жақын арада құлап қалады. Көпшілігі қазірден заттарын буып-түйіп, көшуге дайын отыр. Ал барар жер, басар тауы жоқтар өз күштерімен "жыртықтарын жамауға" тырысуда. 
 

Талқылау