Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құлап қала ма деп қорқамыз": Петропавлда жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға арналған жаңа үйлер қирап жатыр

Видеодан скрин

Петропавлда жетім балаларға, жесір әйелдер мен көпбалалы отбасыларға арнап салынған жаңа үйлердің қабырғалары сөгіліп, жарылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Осы үйлердің тұрғындарының бірі Зарина Пивняктың айтуынша, ол бұл үйге кіру үшін 15 жыл кезекте тұрған. Алайда көптен күткен баспананың қуанышы ұзаққа созылмапты. Көшіп келгеннен кейін көп ұзамай пәтердің қабырғаларында жарықтар пайда болып, сылағы түсе бастаған. Терезелердегі әйнектер бірінен соң бірі жарылып жатқан көрінеді.

"Біз үй құлап қалады немесе кіреберістен пәтерлерге дейін үлкен жарық пайда болады деп қорқамыз. Үйдің іші дымқыл тартып кетті, жиһаздар мен еден жақтаулары шіріп, көгеріп жатыр. Өткен жылы әкім келген, біз оған жөнделуі керек ақаулардың тізімін бердік. Ол тізімді алып кетті, бірақ содан бері ештеңе жөнделген жоқ", – дейді Зарина Пивняк.

Тұрғындардың айтуынша, үйдің кемшілігі көп. Мысалы, жаңбыр жауғанда шатырдан су ағады, ал жертөледе лас су жиналып, жағымсыз иіс шығады.

"Пәтерлерде жағымсыз иіс пен шыбын-шіркей көп, мұның бәрі жертөледен шығады. Біз бірнеше рет әкімдікке, құрылыс компаниясына, тұрғын үй-коммуналдық қызметке, прокуратураға, санитарлық-эпидемиологиялық орталыққа хабарластық, бірақ еш нәтиже жоқ", – деді үйдің тағы бір тұрғыны Фарида Жүсіпова.

Бұл үйлер бір жарым жыл бұрын ғана салынған. Баспаналар әлеуметтік осал топтарға арналған жалдамалы коммуналдық тұрғын үй ретінде салынған. Мұнда жалғызбасты аналар, жетімдер, зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрады.

"Тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарын кәрізге тастауына байланысты екі күн бұрын олардың насосы қайта бітеліп қалды. Нәтижесінде насос бітеліп, тағы да су басу болды. Біз тұрғындарға мүлікке ұқыпты қарауды ескерткіміз келеді", – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтұлова.

Сондай-ақ әкімдік өкілі осы көпқабатты үйлерге жақын арада жөндеу жұмыстары басталатынын атап өтті. Айта кетейік, осы алты үйдің құрылысына 7 миллиард теңге бюджет қаражаты бөлінген екен.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 12 Маусым, 2025 21:04
Талқылау