Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйел еркекті ешқашан жыға алмайды” деп бетімді қайтаруға тырысты: Астаналық азамат әйелдерді өзін қорғауға тегін үйретіп жүр

Әлеуметтік желіде Нұрлан Байлин есімді азамат қыз-келіншектерді өзін-өзі қорғауға үйретуді қолға алды. Астаналық бапкердің бұл бастамасы әйелдер тарапынан жақсы қолдау тапқанымен, бірқатар қиындықтарға тап болған. Оның айтуынша, бұл істі қолға алуына қарсы болып, кері тартқандар болды. Нұрлан Байлин Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында жаттығуды не себепті тегін өткіземін деп шешкенін айтып, алдағы жоспарларын бөлісті. 

Фото: instagram.com/bailin.n

Нұрлан Байлин қоғам тарапынан әйелдерге көрсетілетін қысымды көріп, жағасын ұстаған. Құқығы тапталып, еркектерден қорлық көрген қыз-келіншектердің көбейгенін байқап, ол әйелдерге өзін қорғауды тегін үйретуді қолға алған.

“Қазір қоғамда әйелді ұрды, зорлады, өлтірді деген жаңалықтар көбейді. Біздің қыз-келіншектерді тегін жаттықтырудағы мақсатымыз – өзін қорғауды үйрету, аман-сау жүрсе, өзін қауіпсіз сезінсе дейміз. Алғашқы жаттығуларды далада жасадық. Сонда өткен-кеткен адамдар қызығып, қатарымызға қосылды. Жаттығуға ынталы барлық қыз-келіншектерді шақырамыз. Жас шектеуі жоқ. Мейлі, 5 жастағы қыз болсын, 50 жастағы әйел болсын оларды өзін-өзі қорғауға үйретеміз”, – дейді бапкер.

“Әйел еркекті ешқашан жыға алмайды!” деді”

Спортшы бұл бастаманы қолға алғанда бірқатар қиындықтарға тап болғанын жасырмады. 

“Кейбір адамдар “Қайтесің, мұны?! Әйел еркекті ешқашан жыға алмайды!” деп бетімді қайтаруға тырысты. Мұндағы мақсат –әйелді еркекті бет-алды ұрып-соғып, сабауға үйрету емес. Әйелді өзіне қауіп төнген жағдайда өзін қорғай алатын дәрежеге жеткізу, көмек шақыруға үйрету, оларды физикалық және менталды тұрғыдан жаттықтыру. Тағы бір мәселе, күз келе Астанада күн тез суып кетеді. Бұған дейін ботаникалық саябақта жаттығып жүрдік. Енді зал іздеу керек болды. Жаттығатын ғимарат іздедік, тегін жаттығу өткізу үшін біраз жерге бардық. Бірақ бұл бастаманы ешкім қолдамады, бетімізді қайтарғандар көп болды”, – дейді Нұрлан Байлин.

Жаттықтырушы өзін қорғауды үйренемін деп келген қыз-келіншектерден ақы алмауға бел буған. Мұның да өз себебі бар дейді ол. Нұрлан “секция алдағы уақытта ақылы бола ма, жоқ па” деген көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап берді.

“Қыз-келіншектерге жаттығуды тегін өткізудегі мақсат – бәріне қолжетімді болғанын қаладым. Бәрі біледі, әйел үйде ең соңынан тамақ ішеді, бәріне қажет заттарды алады, бірақ әйел өзіне ештеңе қимайды, өзіне келгенде үнемдегісі келеді. Сол себепті жаттығуды тегін өткізу туралы ойладық. Алдағы уақытта да секцияны ақылы ету жоспарда жоқ”, – деді бапкер.

“Жаттығуға кешікпей келетін қыздарды негізгі құрамға ауыстырамыз”

Нұрланның айтуынша, оның бұл бастамасын алғашында өзге емес, өз бауырлары, жақындары қолдаған. “Инвестор, демеуші болады-ау” деген адамдармен кездескенін, бірақ олардың қолдау көрсетуден бас тартқанын айтады. Десе де жанашыр жандар табылды. Елордадағы “Дала қырандары” деген жастар қоғамы жаттықтырушыға қаладағы ең жақсы залдардың бірін тегін берген.

“Қатарымыз күн сайын көбейіп жатыр. Қазірдің өзінде орташа есеппен 30-40 адам бізбен бірге жаттығып жүр. Мұнда залдың сыйымдылығын да ескеру керек. Сол себепті белгілі бір тәртіп орнату керек болады. Яғни, жаттығудан қалмай, кешікпей, уақытында келетін қыздардан негізі құрам жасап, кешкі жаттығуды жалғастырамыз. Ал бір күн келіп, екінші күні келе алмай қалған келушілерді шығарып жібермейміз, бірақ олардың жаттығатын уақытын күндіз, ыңғайсыз уақытқа қоюға тура келеді”, – дейді жаттықтырушы.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді де Нұрлан Байлиннің бұл бастамасын қолдап, оның кең таралуына үлес қосқан.

“Мен оған өзім жаздым, оқырмандарыма да желіде мені белгілесін деп өтініш білдірдім. Ол кісі мені байқап, өзі жаттығуларға қатысты. Әлеуметтік желіде менің жазбаларымды бөлісіп, жаттығуға келетін қыз-келіншектерді жинауға көмектесті”, – дейді спортшы.

“Курс Қазақстанның басқа қалаларында ашылса деймін”

Нұрлан Байлин 8-9 жасынан спортпен айналысады. Бапкерлікке келгеніне де 7 жылдай уақыт болған.

“Алғашында еркін күреспен айналыстым. Кейін есейе келе аралас күреске көштім. Самбо күресі, қоян-қолтық күрес, панкратион сияқты спорт түрлеріне жарыстарға қатыстым. 2018 жылдан бастап бапкерлік мансабымды бастадым. Менің негізгі мамандығым – заңгер, қазір құрылыс компаниясында сметашы болып жұмыс істеймін. Әдетте, таңертең бір рет залға барып 12 жасқа дейінгі балаларды жаттықтырамын. Кейін жұмысқа кетемін. Сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері кешкі уақытта ер адамдарды, дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері қыз-келіншектерді тегін жаттықтырамын”, – дейді спортшы.

Елордалық бапкердің алдағы уақытқа құрған жоспары бар. Ол әйелдерге өзін қорғауды үйрететін курстар Қазақстаннын басқа қалаларында да ашылса екен дейді

“Мейлі, ол тегін немесе ақылы болсын. Мен үшін соның өзі жетістік. Болашақта арнайы қор пайда болса немесе материалдық жағдайымыз жақсарып, қаржымыз жетіп жатса басқа қалаларда осындай секция ашып, бапкерлерге жалақы төлеп қыз-келіншектерге тегін секция ашып берсек дейміз. Мақсатымыз – қыздардың өзін-өзі қорғауын қалыпты жағдайға жеткізу. Бұл секция да басқа үйірмелердің қатарына қосылып, үйреншікті дүниеге айналарына сенемін”, – дейді Нұрлан Байлин.

 

Талқылау