"Шоттарым мен құжаттарымды бұғаттап тастады": Қазақстандық келіншекті емхана қызметкерлері өлілердің қатарына кіргізіп жіберген
Фото: Аннаның жеке архивінен
Алматылық 38 жастағы Анна Тушельге дәрігерлер қайтыс болғаны туралы куәлік шығарып, қол қою үшін өзіне берген. Келіншектің айтуынша, емхана қызметкерлері оны құрбысымен шатастырып, тірі жүрсе де өлілердің тізіміне енгізіп жіберген. Салдарынан ол банк шоттарын пайдалана алмай, барлық құжатының бұғатталғанын тіпті ауруханаға қарала алмай қалғанын жеткізді. Емхана жауапқа тартылсын деген Анна Stan.kz редакциясына болған оқиғасын айтып берді.
Аннаның жақын құрбысы Карина 2 жыл бұрын онкологиялық ауруға шалдыққан екен. Осы уақыт ішінде келіншек құрбысына барынша қол ұшын созғанын айтады.
“Менде Каринадан сенім хат болды. Сол арқылы ауырған кезде оған марфин секілді дәрілерді емханадан апарып беретінмін. 2 жыл бойы біз осы аурумен күресіп бақтық. Өкінішке қарай, бұл дертті жеңе алмадық. Осылайша, 16 шілдеде құрбым өмірден өтті. Сол күні біз Каринаның туыстарымен оның қаза болғаны туралы құжатын кім алып келетінін ақылдастық. 14-қалалық емхананың дәрігерлеріне хабарласа отырып, менің бара алатынымды білдік. Себебі Каринадан қалған артық дәрілерді сенімхат арқылы емханаға қайта тапсыруым керек екен. Қайтыс болғанын мемлекеттік тіркеу құжатын да мен алып кете алатын болдым”, – деп түсіндірді ол.
Карина келесі күні құрбысынан қалған дәрі-дәрмекті алып емханаға келген.
“Кабинетке кірдім. Ол жақта бөлім басшысының орынбасары мені қабылдап, қажет құжатты рәсімдей бастады. Ол менен Каринаның түпнұсқа төл құжаты міндетті түрде керек екенін айттық. Өзімде болмағасын жұбайына айтып, 10 минутта төлқұжатты әкелуін сұрадым. Әкелгесін құжатты Серікжан Сейтқазыұлына бердім.
Ол құжатты реттей бастады. Бұған дейін мен оған сенім хат пен дәрілерді тапсырған едім. Барлық дәріні тексеріп алғаннан кейін Каринаның құжатын рәсімдей бастады. Дәл қасында тұрдым. Кейін қағазды шығарып қол қоюға маған берді. Қарасам құжатта қайтыс болғаны туралы анықтама менің атыма шығарылған. Мұны көріп шошып кеттім. Дәрігер ол кезде сыртқа шығып кеткен, қолымды қоймай күте тұрдым. Келген соң қателескенін айттым. Ол Каринаға қайтыс болғаны туралы анықтаманы 5 минут ішінде қайта жасап берді. Ал менімен не болатынын сұрағанымда, телефон номерімді қалдырып кетуімді сұрап, өздері хабарласатындарын айтты”, – деп қосты ол.
Карина өзін өлілер тізіміне қосып қойды ма деген күдікпен жаназадан соң емхана менеджеріне хабарласқан. Алайда олар басшылықтың бәрін білетінін, Денсаулық сақтау министрлігіне арыз жазылғанын, бәрі шешіліп жатқанын айтқан.
Фото: Аннаның жеке архивінен
“18 шілде күні менің барлық құжатым бұғатталды. ЖСН нөмірім, неке куәлігім, жүргізуші куәлігім барлығы автоматты түрде жойылды. Емханаға хабарласқанымда бәрі қайта қалпына келеді деп айтты. Бірақ ешқандай хабар болмағасын келесі күні жұбайыммен сол емханаға бардық. Онда маған қажет арыздарды жазғандарын басқа ештеңе жасай алматындарын жеткізді. Кейін біз полиция басқармасына арыз жазуға келдік. Әрине оқиға күлкілі көрінеді түсінемін, бірақ олар да мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отырғандарын жеткізді. Олар да ештеңе жасай алмады. Тек арызымды қабылдап, шынымен өлілер тізімінде тұрғанымды базадан көріп берді”, – деді келіншек.
Қазір Аннаның әлі неке куәлігі мен банк шоттары қалпына келмеген.
“Өзім жұмыс істемеймін. Балалармен отырмын. Жұбайым екеуіміз бір банк картасын пайдаланатынбыз. Осы оқиғаның салдарынан балабақша, оқу мен балаларымның үйірмесін тіпті қарапайым комуналдық ақыны төлей алмай қалдық. Бір апта бойы тіпті ауруханаға да қарала алмадым. Егер маған осы уақыт арасында бірдеңе болса, ешбір клиника мені қабылдамайтын едім. Өйткені мен өлілер тізіміндегі адаммын. Қынжылатыны сол жағдай кезінде жауаптылар еш әрекет жасамады. Арыз жазылғаннан кейін ғана қозғала бастады”, – деп қорытты ол.
Аннаның заңгері Азамат Бекқұлов мұндай жағдай елімізде бірінші рет болып отырмағанын алға тартты.
“Біз қазір жауаптыларды сотқа тартып жатырмыз. Себебі біріншіден бұл азаматша осы салғырттық салдарынан қиын жағдайды бастан кешіп отыр. Көлік жүргізе алмай қалды, банк шоттары бұғатталды. Өкінішке қарай, бұл Қазақстандағы алғашқы жағдай емес. Сол себепті емхананы сотқа беріп, жауапқа тартпақпыз. Мұндай жайттарға тап болмас үшін қазақстандықтарға құжат толтыруда мұқият болуға кеңес береміз. Мұндай жағдай кез келгеннің басынан өтуі мүмкін. Сондықтан бірден құзырлы органдарға жүгінген жөн”, – деді заңгер.
Stan.kz тілшісі 14-қалалық емханамен байланысып, жағдай туралы пікір сұрады. Дегенмен сол құжатты жасаған маман емхананың өзге мамандары пікір білдіретінін айтты. Әзірге жауапты күтіп отырмыз.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді