“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
Фото: Уәлихан Умировтың жеке архиві
Желіде Шотландияның әсем табиғатымен керемет жерлерінде жүріп, айына 2 миллион теңгеден аса айлық алатын қазақстандық жігіттің өмірі көптің қызығушылығын тудырды. 27 жастағы шымкенттік Уәлихан Умиров бұған дейін Қазақстанда актер мамандығымен үш жерде жұмыс істеген. Алайда айтуынша, тапқан табысы отбасын асырауға жетпеген. Дегенмен қазір шымкенттік жігіт шетелде 10 есе көп айлық алып, жұмыс істеп жүр. Азамат Шотландияға қалай тап болғаны мен ол жақтағы жұмысы, табысы мен өмірі туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.
“Үш жерде жұмыс істедім: Отбасымды асырауға жетпеді”
Уәлихан Умиров бұған дейін елде өз мамандығымен театрда 140 мың теңге жалақыға жұмыс істегенін алға тартты. Алайда бұл табысы өте аз болғандықтан қосымша жұмыс іздеуге тура келген.
“Әке-шешем, екі балам мен әйелім бар. Оларды асырауға менің табысым жетпеді. Театрдағы айлығым 140 мың теңге болғасын, режиссердің көмекшісі болып түсірілім алаңдарында қосымша жұмыстар істедім. Ол жерлерде де сол 100-150 мың теңге аламын. Сонда екі айлықтың өзін 300 мың теңгеден асыра алмадым. Сөйтіп, үш жұмыс істеп, үйде мүлдем болмайтынмын. Себебі 3 жерде жүрсем де, жалақымды 500 мың теңгеге жеткізе алмадым. Бұдан соң шаршап, шетелге шығу туралы ой келе бастады”, – деді ол.
Қазақстандық азамат бірінші Ұлыбританияға барып, сол жақта фермада 6 ай жұмыс істеген.
“Әрине ферманың жұмыстары ауырлау болды. Дегенмен ақшасы соған тұрарлықтай. Мысалы күніне 8 сағаттық жұмысқа 60 мың теңге алатынбыз. Одан кейін қалаға келіп Лондонда жұмыс істедім. Сол жұмыстардың ішінде құрылыс саласы да болды. Содан кейін Ирландияның Дублин қаласында болдым. Сол жақта бір жарым айдай жұмыс істедім. Англияның Уайт деген аралында болдым. Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында болып, қазір Шотландияға келіп жұмыс істеп жатырмын”, – деп қосты ол.
Фото: Уәлихан Умировтың жеке архиві
“Қазақстандағы жалақыдан 10 есе көп табамын”
Уәлихан шетелдегі жалақы мөлшеріне таңғалысын жасырмады. Тіпті шотландықтардың ең төменгі жалақысын алса да бұл барлық қажеттіліктерді жабады екен.
“Мұнда жалақың пәтер, тамағыңа сонымен қоса отбасыңа 700-800 мың теңгедей етіп жіберіп отыруға молынан жетеді. Мүлдем қиналмайсың. Бастысы қолыңнан келетін жұмыс тауып алсаң болды. Шотландиядағы қазіргі күндік табысымыз 98 мың теңге. Былайша айтқанда, Қазақстанда үш жұмыста істеп алатын 400 мыңға жетер-жетпес айлықты мына жақта төрт-ақ күнде табамын. Тіпті екі күндік табысым театрдың айлығынан асып кетеді.
Көп адамдар “сендер ол жақта айына 2 миллион теңгеден асырып тапқанмен, ішіп-жеулеріңмен кетіп қалады ғой” деп жатады. Жоқ, бұл жақта салыстырып қарасаң қымбат емес. Жалақым Қазақстандағы жалақыдан 10 есе көп. Ал бұл жердегі бағалар екі есеге жетпейтіндей қымбат. Мысалы, Қазақстанда 50 мың теңгеге алатын азық-түлікті мұнда 75-80 мың теңгеге аласың. Жалақы 10 есе көп, дегенмен шығындарың да екі есе көп болады. Мысалы тұратын жерім, жолда жүруім, тамағым мен пәтеріме есептегенде айлық шығыным 600 мың теңгеден аспайды. Алайда мен 2 миллион теңгеден аса айлық аламын. Үйге 1 миллион теңгеден аса жіберемін. Ойлап қарасам, басқа елде жұмыс істеп жүрген адам ретінде тіпті жергілікті тұрғындардан ең аз айлық алып отырмыз. Соның өзінде тамағымызға, пәтерімізге, киімімізге жетіп отыр. Сонымен қатар үйімізге Қазақстандағы 5 адамның айлығын жіберіп отырмыз”, – деп қосты азамат.
“Менің елім неге мұндай емес” деген сұрақ бар”
Уәлиханның айтуынша, Шотландияда құрылыста істеп жүріп, өзін ешқашан төмен дәрежеде сезінбеген.
“Бұл жақтағы жұмыста Қазақстандағыдай бастықтар тарапынан жеку жоқ. Біреудің жеке шекарасына өтіп ұрысу дегенді көрмейсің. Керісінше, барлық жағдай жасалған. Мысалы құрылыста істесек те, қара жұмыста жүрміз ғой деген сезім жоқ. Ал Қазақстанда құрылыста істесең, өзіңді төмен санап кетесің ғой. Себебі бізде кез келген ортада құрылыста жүрген адамдарды “оқымаған” деп санап жатады. Мына жақта осы салада жүріп тіпті кеңседегі жұмыстағылардан көп табуың мүмкін. Әрі жұмыстан қиналмайсың, жаныңа ештеңе батпайды. Себебі ауыр нәрсе көтергізбейді. 1 сағат түскі асқа шыққаныңда барлық жағдайыңды жасайды. Жып-жылы, тап-таза отыратын жер бар. Тіпті дәретханаларына дейін тап-таза. Ас үйде кофе, шайлары тегін бәрі жеткілікті мөлшерде тұрады. Бұл – жай құрылыстағыларға жасалған жағдай. Ал кейбір компаниялар тіпті тұратын жерді өздері ұсынып жатады. Жұмыста саған ешкім “тез немесе басқалай істе” деген сияқты ескертулер айтпайды. Келіп жаймен істі түсіндіріп кетеді. Ауыр көтеру қажет емес екенін ескертеді. Көзге түсудің де керегі жоқ. Жай ғана тыныштықта жұмыс істейсің, ақшаңды аласың, болды. Осындай жағдайдан соң біз бұл елден кете алмай қалдық. Себебі 2 миллион айлықты тастап, 200 мың теңгелік айлыққа қайта оралу ақымақтық шығар”, – деп қосты ол.
Фото: Уәлихан Умировтың жеке архиві
Дегенмен Уәлихан елді қатты сағынғанын да жасырмады. Тіпті кейде неге өз елімде осындай жағдай жасалмаған деп қынжылатынын да алға тартты.
“Үйдегілерге хабарлассаң да, достарыңмен сөйлессең де бәрінің айтатыны: “Қазақстанға келме! Мұнда штрафстан болып кетті” деп айта береді. Ал біз мына жақта елімізді аңсап, сағынып жүреміз. Жарайды, Қазақстанда 1-2 миллион теңге болмай-ақ қойсын, 500-600 мың теңге айлық болса, мына жақта 1 минут та тұрмайтын едім. Өз еліңде, әке-шешеңнің көз алдында, бала-шағаңның ортасында жүргенге не жетсін?!
Шыны керек бұл жақта жүріп салыстырып жүреміз. Өзіңнің еліңде осындай жағдайдың болмағанына ішің күйеді. Қыдырамыз, бүкіл әдемі жерлерді көреміз. Таңғалатын нәрсе, бұл жақта елді басқару жүйесі, тәртіп, мәдениет бізден ерекшеленеді. Әрине, Қазақстан еліміз отанымыз. Алайда осы нәрселердің бізде жоқ екені жүрегіңе батады. Ішіңде “Менің елім неге мұндай емес? Неге мен бұлай қаңғып жүруім керек?” деген сұрақ тұрады. Қазақстанда айлығымыз ең болмағанда ішіп-жеуіміз бен үйді асырауға жетсе, бұлай жүрмес едік қой”, – деп налыды азамат.
@_umirov__ Шотландия
♬ оригинальный звук - Аңглияға тартыл
“Қазақстанда жас буын несиеге батқан: Мемлекет шетелге шығып жұмыс істеуге бағдар беруі керек”
Уәлихан шетелде өзі сияқты жұмыс істеп жүргендердің бәрі ата-анасы мен бауырларын таршылық өмірге қимай, тынбай еңбектеніп жүргенін алға тартты.
“Негізі жас буынның көбі Қазақстанда несиеге қатты кіріп кеткен. Сол үшін осылай жұмыс істейді. Барлығы осы мәселеден шыққысы келеді. Соның жолын іздейді. Бірақ бізде Қазақстанда осындай жұмыстарды мемлекет реттеп беретін бірде-бір сайт, бағдарлама жоқ. Көптеген жастар шетелге жұмысқа бару үшін өзге елдердің сайттарын қарауға мәжбүр. Алайда түсінбегендіктен нақты ақпарат ала алмайды. Осы кезде мемлекет тарапынан мүлдем қолдау жоқ екені сезіледі. Қазір шетелде жұмыс істейтіндерге салық қойғалы жатыр ғой! Әрине төлейік! Бірақ мемлекет те соған сай жұмыс істеуі керек қой! Егер осы нәрсені бізге заңдастырып жағдай жасап, барлық ақпаратты бір сайтқа салып, шетелге жұмысқа шығуға бағдар берсе, меніңше, кез келген адам қиналмай келіп, жұмысын істеп, сәйкесінше, салығын төлеп жүрер еді”, – деді ол.
Қазақстандық азамат ақшадан тарығып жүрген жастарға тәуекел етіп шетелге шығуға кеңес берді.
“Бұл Қазақстанды тастап кету емес. Жай ғана шығып ойыңды өзгерту керек екен. Мына жаққа келіп өзіме: “Уәлихан бұған дейін осыны түсінбейтіндей ақымақ болғаның ба” дедім. Сөйтсек, күніне 5 мың теңге алып жүрген еңбегіміздің құны өзге жерде 100 мың теңге тұрады екен ғой! Ал біз 5 мың теңгеге қанағат етеміз. Сосын былай тартсаң, былай жетпей, “көрпеңе жетсе, жастық ала алмай, жастық алсаң жамыла алмай жүргенің”. Қазіргілерге шетелге шығып кетіңіздер деп айтар едім. Шетелде екі-үш жыл жүріңіздер. Содан кейін Қазақстанға оралғанда өз бағаңды нақты түсініп, ескі жүйені қабылдамайсың”, – деп қорытты ол.
Уәлихан өз мақсаттарын іске асырып бітпейінше шетелден елге әзірге оралмайтынын жеткізді.
@_umirov__ Шотландиядан сәлем
♬ Быхин Бахытжан music - BYKHIN

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
