Қазақстандық ер адам баласына араша түскен әйелді күрекпен 40 рет ұрған

Фото: drovosek-profi.ru
Жетісу облысында тұрмыстық жанжал ауыр қылмысқа ұласты. Көршісіне шамамен 40 рет соққы жасаған ер адам ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 3 наурыз күні Жетісу облысы, Сүйіксай ауылында болған. Түскі үзілісте үйіне келген әйел мен көршісі арасында жанжал туындаған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам әйелдің кәмелетке толмаған балаларына тіл тигізген. Әйел ескерту жасаған сәтте күдікті қар күреп жүрген күректі алып, оған шабуыл жасаған.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам жәбірленушіні аяусыз соққыға жығып, басынан да бірнеше рет ұрған. Оны мектеп жаттықтырушылары келіп тоқтатқан.
Жарақат алған әйел шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, басының ашық жарақаты, сол қолының сынуы және денесінің түрлі жерлерінің соғылуы диагноздарын қойған. Қазір ол хирургиялық бөлімде ем қабылдап жатыр.
Аталған факті бойынша Жетісу облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 107-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Құлсарыда 10-сынып оқушысы мектеп дәлізінде балта ұстап, сыныптастарын қуғаны туралы жазған едік. Екі бала жеңіл жарақат алды. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов ведомствоның ұстанымы бұған дейін де айтылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар негізгі жауапкершілік полицияға емес, мектептерге тиесілі екенін жеткізді.
Перизат Қайраттан тәркіленген 80 миллиондық Mercedes астаналық полицейлерге берілді
