Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балам ауру емес": Атырауда мектепте қолына балта ұстап жүгірген оқушының анасы оқиғаның себебін айтты

Фото: Желі кадрларынан

Атырау облысындағы Құлсары қаласындағы мектепте қолына балта ұстап сыныптастарын қуған оқушының анасы желіде пікір білдірді. Мәншүк Жиенбаеваның айтуынша, ұлы қатарластарынан үнемі қысым көргесін соңында осындай әрекетке ашумен барған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәншүк Жиенбаева ұлы, №6 мектептің оқушысы Ұзақбай Мейіржанның сол күні сабағында тыныш отырғанын алға тартты. Кейін басқа сыныптан төрт жасөспірім оны дәретханаға шақырған. Сол жерде, олар балаға тиіспек болған. Жалғыз қалған ұл қорқыққанынан қолына балта алған, содан кейін оқиға орын алған.

“5 ақпан күні балам сабағына барады. Екінші сабағы бітіп, қоғырау соққан кезде ол сыныбында отырады. Оның сол кезде сыныпта отырғаны камераға түскен және мектепте сақталып тұр. Оны өз көзіммен де көрдім, бірақ бізге түсіруге рұқсат бермеді. Неге желіде тек баламның сол видеосы тарап жүр? Ал негізі жоғары қабаттан төрт бала келіп, оны шақырып алып мінездерін көрсеткен. Дәретханаға алып барған. Балам төртеуіне күші жетпейтінін білгендіктен осындай жағдайға тап болып отыр”, – деді ол. 

Мәншүк ұлының бұған дейін басқа мектепке ауыстыруын сұрағанын алға тартты. 

“Күз айында “басқа мектепке ауысайыншы” деді. Алайда мен “өзіңнің сыныбың тұрғанда басқа мектепке барып не істейсің? Онсыз да 1 жыл қалды. Осы мектепті абыроймен аяқтап шық” дедім. Алайда ол сабаққа барғысы келмейтін. Үнемі күшпен, айқаймен біз ұрысқасын кетіп жүрді. Бір күні ол “анашым, маған сабаққа бар дей бересіздер, ал бір күні бұл жаман жағдайға әкелсе не істейсіздер?” деді. Мен мұны жамандыққа жорымадым. Жай ол сабаққа барғысы келмегеннен айтқан шығар деп ойладым. Міне, көрдіңіздер ме, арты қалай болып жатыр? Соңында жаман атақ та балам Мейіржанға қалып отыр. Егер төрт бала оның сыныбына бармаса, менің балам да мұндай әрекетке бармас еді. Өзі қатты ызаланған, олар намысына тиген. Мұны екіжақты бірдей қарау керек. Бұл бір жақтан болып отырған жағдай емес. Менің балам ауру, жынды емес. Ол дәліздегі өзге ешкімге тиіспеген, тек өзіне тиіскен сол төрт баланың артынан қуып жүр. Осындай жағдайға жеткізіп тұрған сол төрт бала”, – деп қорытты анасы. 



Мейржанның анасы мектеп директорын жазаламауды сұрады, себебі оқиға әкімшіліктің кінәсінен болмаған. Мейіржан орташа үлгерімі бар оқушы. Бұған дейін оған тек жағымды баға берілген. Қазір осы оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Құлсарыда 10-сынып оқушысы мектеп дәлізінде балта ұстап, сыныптастарын қуғаны туралы жазған едік. Екі бала жеңіл жарақат алды.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 12:02