Қазақстанда тыйым салынған Күрдтердің жұмысшы партиясы ұйымның тарайтынын мәлімдеді
Фото: ANF.news
Солтүстік Иракта 5-7 мамыр аралығында өткен XII съезде Күрдтердің жұмысшы партиясы (КЖП) қарулы күресті толығымен тоқтатып, ұйымның тарайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Firat порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл шешім 1999 жылдан бері Имралы аралындағы түрмеде өмір бойы жазасын өтеп жатқан көшбасшысы Абдулла Оджаланның шақыруымен осы 12 мамырда қабылданды.
1984 жылы басталған қақтығыс Түркия, Ирак және Сирия шекаралас аймақтарына жайылып, 40 мыңнан астам адамның өмірін алып кеткен және аймақтағы ең ұзақ әрі қантөгісті қарулы кампаниялардың біріне айналған еді. Партия шешім шығармай тұрып 1 наурызда біржақты түрде атысты тоқтату туралы жарияланған. Бұл әрекетке ақпанда Оджалан тарапынан қолдаушыларға қаруларын тастап, ұйымды тарату жөніндегі үндеу себеп болды.
"XII съезд КЖП-ның ұйымдық құрылымын тарату және қарулы күресті тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл шешімді іске асыруды Абдулла Оджалан тікелей бақылауға алады", – делінген съез қорытындысынан кейін.
Енді партия тәуелсіз күрд мемлекеті құру идеясынан бас тартып, күрдтердің құқықтарын бейбіт және демократиялық жолмен қорғауға ниетті. Бұл ретте олар Оджалан әзірлеген "демократиялық конфедерализм" тұжырымдамасын алға тартпақ.
Түркия билігі бұл оқиғаға ұстамдылықпен қарап, оны "Терроризмсіз Түркия құру жолындағы маңызды қадам" деп бағалады. Ал Теңдік пен демократия партиясы (DEM) күрдтердің құқықтарын Конституцияда бекітіп, Оджаланы босатуды жанжалдың түбегейлі шешілуіне жол ашатын маңызды шарттар екенін атап өтті.
Абдулла Оджалан кім?
Абдулла Оджалан – Апо деген лақап атпен танымал, күрдтердің жұмысшы партиясының негізін қалаушы. Ол 1979 жылы Күрдтердің тәуелсіздігі жолындағы күреске дайындалу үшін Сирияға қоныс аударды. Ол кезде Сирия бақылауында болған Ливанның Бекаа жазығында КЖП-ның штаб-пәтерін құрды. 1980 жылы Түркияда әскери төңкеріс болғаннан кейін көптеген партия белсенділері Оджаланның соңынан осы аймаққа көшіп барды. 1998 жылы Түркия үкіметінің қысымымен Оджалан Сирияны тастап кетуге мәжбүр болды. Алайда ешбір ел оны қабылдауға дайын болмады. 1999 жылы ол Кенияда түрік арнайы қызметтері тарапынан ұсталып, Түркияға жеткізілді.
Түркияда Оджаланға мемлекетке опасыздық жасағаны, террористік ұйым құрғаны және сепаратизм үшін өлім жазасы тағайындалды. Кейін бұл үкім өмір бойғы бас бостандығынан айырумен алмастырылды. Содан бері ол Ыстамбұл маңындағы Мәрмәр теңізіндегі Имралы аралындағы түрмеде жалғыз адамдық камерада отыр. Туыстары мен адвокаттарына онымен кездесу тек сирек жағдайда рұқсат етіледі. Он жыл түрмеде отырғаннан кейін өткен жылдың соңында оған прокурдтік оппозициялық партия бұрынғы HDP, қазіргі DEM делегациясымен камерада кездесуге рұқсат берілді.
Абдулла Оджалан 1999 жылдан бері жұрт алдына шықпаса да, оның жақтастары оған әлі де сенеді. Диярбакырдағы Саяси және әлеуметтік зерттеулер институтының директоры Вахап Джоскунның айтуынша, Оджалан ең беделді тұлға және оның сөзі қазір де үлкен мәртебеге ие. Джоскун 2013-2015 жылдар аралығында жүргізілген бейбіт келіссөздер кезінде түрік-күрд кеңесінің мүшесі болған.
Оның айтуынша, күрд мәселесін шешуде төрт негізгі тарап бар: Ирактағы таулы аймақтардағы КЖП әскери басшылығы, Брюссельдегі еуропалық өкілдер, Сириядағы Рожава автономиялық әкімшілігі мен DEM партиясы. Бұл тараптардың бәрі де бірнеше рет тек Оджалан ғана түрік-күрд қақтығысын шешуге қауқарлы екенін атап өткен.
Фридрих Мерц екінші рет дауыс беру нәтижесінде Германияның канцлері болып сайланды
Үндістан мен Пәкістан АҚШ-тың араағайындығымен атысты тоқтатуға келісті
Еске салайық, бұған дейін Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглудың тұтқындалуы ел ішіндегі демократиялық процестерге деген сенімге үлкен соққы болғанын жазған едік. Бұл тек ішкі саяси дағдарыс емес, сонымен бірге экономикалық тұрақсыздықты да үдетуі мүмкін. Түркия билігі мен оппозициясы арасында күрес ушығып, халықтың көңіл-күйі наразылыққа ұласуда. Сарапшылардың айтуынша, алдағы президент сайлауы ел тағдырын айқындайтын шешуші кезең болмақ.

Алматыда күзетші мейрамханаға келген қызды сүйреп шығарып жіберген: Көпшілік ресторанға бойкот жариялады
