Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Алматыда күзетші мейрамханаға келген қызды сүйреп шығарып жіберген: Көпшілік ресторанға бойкот жариялады

Желіде алматылық караоке-мейрамханасы қызметкерлерінің бірі демалуға келген қызды сүйреп, шығарып жібергені үшін сынға қалды. Сөзінше, қыз беделді ер адаммен танысқысы келмегендіктен, күзетші дөрекілік көрсеткен. Stan.kz тілшісі жағдай туралы сұрап, екі тараптың татуласып үлгергенін байқады.

Жанар есімді қыз Tiktok парақшасында Алматыдағы The Theater мейрамханасының күзетшісі оны күштеп шығарып жібергенін айтып, дабыл қақты. Сөзінше, мейрамхана әкімшілігі қыздарды сыйламайды.

“Егер “қарны қампайған” ағамен танысудан бас тартсаң, сені күштеп шығарып жіберетін әлемде өмір сүреміз. The Theater мейрамханасы Кемаль аға үшін әйелдердің құқығын шүберек сияқты таптайды. Бұл орын барлық әйелдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді”, – делінген видеода.

Сөзінше, қыз ер адаммен танысқысы келмей, қарсылық танытқан. Көнбегеннен кейін артынша дауыс көтерген. Осы сәтте оны “шулады” деп шығарып жіберді дейді.

Бұл видео желі қолданушыларының наразылығын тудырып, қызу талқыға түсті. Көпшілік 2GIS қосымшасына 6500-ға жуық пікір жазып, рейтингін 1,8-ге дейін түсіріп тастады. Қыздардың құқығы тапталғанын айтып, бойкот жариялап жатыр. 

Бір күннен соң қыз жариялаған видеосын өшіріп тастады.  

Stan.kz тілшісі жағдай бойынша The Theater әкімшілігінен пікір сұрады. Мейрамхана қызды ер адаммен таныспағаны үшін шығарып жіберді дегенді жоққа шығарды.

“Қызды ер адаммен танысуға ешкім мәжбүрлеген жоқ. Жанжалдың себебі ол емес. Бұл – жалған ақпарат. Мәселені шештік. Күзетші Бекарыс дөрекілік танытқаны үшін қыздан кешірім сұрады. Осымен жанжал шешілді”, – деп мәлімдеді мейрамхана өкілі.

Алайда қызды шығарып жіберудің себебі не екенін айтудан бас тартты. Қыздың өзі де не болғанын тілшімізге айтпай қойды. 

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 12 Мамыр, 2025 16:56
Талқылау