Қуандық Рахым өзімен бірге дуэт айтқан ауыл баласына ат мінгізді
Әнші Қуандық Рахым Ақтөбедегі концертінде Бақытбек есімді кішкентай тыңдарманының арманын орындап, сахнада “Аққуым” әнін бірге шырқады. Өнер иесі талабы таудай ауыл баласына көпшіліктің алдында ат мінгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/rakhym_kuandyk.kz
Тыңдарманын сахнаға алып шыққан Қуандық Рахым Бақытбектің жұлдыз екенін айтып, көпшіліктің алдында мерейін көтерді.
“Сен әлден жұлдызсың ғой. Өткендегі джинсы мен күрте қайда? Сені бүгінгі концертке керемет дайындаған екен. Образды, киімді, көзілдірікті қараңыз. Бетіңді сабынмен жақсылап ысқан сияқтысың. Жақсы ағарып, күшті боп қалыпсың. Қадірлі, ағайын! Бүкіл Қазақстан осы сәтті күтіп отыр. "Қара баламен бірге видео салыңызшы", "Сізбен сахнаға шыққанын көрейікші" деп үлкен кісілер, ата-әжелер, апалар тағатсыздана күтіп отыр", – дейді Қуандық Рахым.
Ағасының әнін тебірене айтып, жұртты сүйсіндірген Бақытбекті өнер иесі концерттен кейін құр қол жібермеді.
“Халықтың алдында Бақытбек бауырыма өз атымнан астына ат мінгіземін. Осы жерде ата-анасы бар, ұстаздары бар, кез келген уақытта тұлпарыңды жеткізіп беремін”, – деді әнші.
Айта кетейік, Қуандық Рахым мен Бақытбек есімді ауыл баласы сахнада “Аққуым” әнін бірге шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленген болатын.