Астанада 17 жастағы жасөспірімнің өлімі: Кран машинисінің есірткі әсерінде болғаны анықталды
Фото: shyndyk.kz
Астанадағы құрылыс алаңында 17 жастағы жасөспірім қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға үш апта бұрын жер қазу жұмыстары кезінде болған. Құрылыс кранынан бетон тақта құлап, 17 жастағы теміржол колледжінің студенті Ерсұлтанды басып қалған.
Ерсұлтан үйінің маңындағы құрылыста қосымша табыс табу үшін жұмыс істеп жүрген.
"Мен құрлыс алаңына жүгіріп келгенде, айнала толған жедел жәрдем мен полиция еді. Кран плитаны көтеріп жатқан көрінеді. Сол жерде қара пакет жатты. Мен соңына дейін сенбедім", – деді марқұмның анасы Айгүл Жұбанова "Алматы" телеарнасына берген сұхбатында.
Бетон араластырғышқа құлаған: Қостанай облысындағы зауытта жұмысшы мерт болды
Жасөспірімнің жақындарының сөзінше, еңбек шарты жасалмаған, ол қара жұмысшы болып қабылданып, алғашқы жұмыс күні көз жұмған. Марқмның анасы жауапкершілік кәмелетке толмаған баланы жұмысқа жіберген компания басшылығында екенін айтты.
“Бұл – 17 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан үлкен компания. Бірақ кеше кран жүргізушісі мен КамАЗ жүргізушісін тексерген кезде, екеуінің де есірткілік мас күйде болғаны анықталды. Оларды жұмысқа қалай жіберген? Еңбек қауіпсіздігі қайда? Неліктен құрылысқа кәмелетке толмағандарды алады?” – деді ол.
Жасөпірімнің анасы ішкі істер министрлігін және ел президентін осы қайғылы жағдайға назар аударып, әділ тергеу жүргізуге шақырды.
“Мен барлығынан көмек сұраймын – прокуратурадан, ІІМ-нен, Қасым-Жомарт Тоқаев мырзадан. Мұндай компаниялар енді жұмыс істемесін. Тағы қанша бала құрылыс алаңында қаза табуы керек? Мұндай кәсіпорындар бәрін ақшамен шешеді. Егер мені қолдауға дайын ата-аналар табылса, мен петиция бастағым келеді”, – деді Айгүл Жұбанова.
Еңбек инспекциясы комитеті жұмыс беруші мен жауапты тұлғалардың кінә дәрежесін анықтау үшін тексеріс жүргізіп жатқанын хабарлады.
“Комиссия жұмыс берушінің және осы қайғылы жағдайға жол берген жауапты тұлғалардың кінә дәрежесін анықтайды. Тергеу нәтижелері бойынша материалдар полиция департаментіне жіберіледі, онда Қылмыстық кодекс аясында бұл адамдар жауапкершілікке тартылады. Еңбек шартының жасалмағаны үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған”, – деді Астана қаласы бойынша еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің басшысы Рустам Жандосов.
Полиция өкілдері қайғылы оқиға кезінде кран машинистерінің есірткі әсерінде болғанын растады. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу және сараптама жұмыстары жүргізілуде.
"Астанадағы құрылыс алаңында кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша 17 жастағы бозбала құрылыста жұмысшы болып істеген. 24 қыркүйекте жүк түсіру кезінде оның үстіне бетон тақта құлаған", - делінген полиция департаментінің мәлімдемесінде.
Полицейлер тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Еске салсақ, Жетісу облысы Сарыөзек ауылындағы қараусыз қалған ғимаратта мектеп оқушысын бетон жабындысы басып қалғанын жазғанбыз.

Шетелде бірнеше мүлкі бар, Құлыбаевтың компаниясында директор: Басы дауға қалған Олжас Байділдинов туралы не белгілі
