ҚР СІМ Ресейдегі теракті кезінде Қазақстан азаматының қаза болғанын растады
ҚР Сыртқы істер министрлігі Санкт-Петербург қаласында болған террористік акті кезінде қазақстандық Максис Арышевтың қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
РФ Тергеу комитетінің мәліметіне жүгінсек, Максим Арышев сәуірдің 3-і күні Санкт-Петербордағы террористік акті кезінде қаза болды. Ата-анасы ауруханадағы мәйіттің Қазақстан азаматы Максим Арышевтікі екенін растады.
«ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Санкт-Петербургтегі қазақстандық дипломаттар Максим Арышевтің туған-туыстарына көмек көрсетіп, оның мәйітін елге жеткізу бойынша іс-шараларға да жәрдемдесетін болады. Министрлік өз тарапынан Максимнің барлық туыстарына, сондай-ақ осы терактіде құрбан болғандардың жақындарына қайғырып, көңіл айтады»,- делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
Жарылыстан қаза тапқандар саны 14 адамға жетті деп мәлімдеді Ресей Денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцова.
Бұған дейін 22 жастағы қазақстандықтың терактіні ұйымдастырған болуы мүмкін делінген ақпарат шыққан еді.
Еске салсақ, 3 сәуір күні 14:30 шамасында Санкт-Петербургтегі “Сенная площадь” және “Технологический институт-2” бекеттерінің аралығында жарылыс болды. “Терррорлық акт” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ресейдегі жарылыстан кейін Алматы метросындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді.