Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайдың экс-әкімі Ахмедбек Ахметжановтың мейрамханасы қайтадан сатылымға шығарылды

Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжановтың мейрамханасы қайтадан сатылымға шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ТоболИнфоға сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: tobolinfo.kz

Тәркіленген "Алтын-Саф" кешені электронды сауда алаңында сатылымға шығарылды. Алдыңғы аукциондар сәтсіз аяқталып, жалпы ауданы 1558,4 шаршы метр болатын ғимаратты сатып алуға ниет білдіргендер табылмады.

Мейрамхананың бастапқы бағасы – 805 миллион 529 мың теңге. Ағымдағы жылдың қазан айында учаскені бағалау жүргізілді. 17 қарашада өтетін аукцион түрі – бағаны көтеру аукционы.

"Нысан Екатеринбург-Алматы тас жолының бойында орналасқан. Демалыс аймағында кафе, камин және жапсарлас жай бар. Ғимарат 2014 жылы салынған", - делінген хабарламада.

Фото: tobolinfo.kz

Еске сала кетейік, Қостанайдың экс-әкімі Ахмедбек Ахметжанов 2016 жылдың сәуірінде қатаң режимдегі колонияда 13 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оған мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы 
сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылды.

Кейін сотталушы сот шешіміне шағымданып, жазасы 7 жыл 6 айға дейін қысқартылды. Алайда көп ұзамай Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты Ахметжановқа рақымшылық жасалды. Жаза 4 жыл 10 ай 23 күнге дейін қысқартылды. 
2019 жылдың сәуір айында Қостанай облыстық сотының алқасы Ахметжановты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдады, өйткені ол жазасының негізгі бөлігін өтеп, барлық талаптарды атқарған.

Бұл экс-әкімнің тәркіленген мейрамханаларының бірі Метрополь мемлекет меншігіне өткен. Ғимаратта "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы орналасқан.

Талқылау