Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда мас күйіндегі шенеунік полицияға өзін антикор қызметкерімін деп таныстырған

Қостанайда әдеп жөніндегі кеңес мас күйінде рөлге отырып, өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерімін деп таныстырған энергетика басқармасы басшысының орынбасарының ісін қарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында белгілі болғандай, рейд барысында полиция қызметкерлері Қостанай облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Кенжалы мінген көлікті тоқтатқан. Мас күйдегі мемлекеттік қызметкер тәртіп сақшыларына өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерімін деп таныстырған. Медициналық сараптама жүргізушінің жеңіл дәрежедегі мас күйінде болғанын көрсетті.

Әкімшілік іс қаралып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Оқиға наурыз айының басында демалыс күні болған. Белгілі болғандай, ол 14 наурыздан бастап жұмысқа мүлдем келмеген. 

"Басқарма басшысының орынбасары Шыңғыс Кенжалының әрекетінен мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және әдеп кодексін бұзудың белгілері анық байқалды. Оған қоса ол қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта мас күйінде пайдаланған", - деді мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің бас маманы Батырхан Успанов.

Әдеп жөніндегі кеңес бірауыздан шешімге келіп, Шыңғыс Кенжалы қызметінен босатылды.

Шыңғыс Кенжалы еңбек жолын 2009 жылы кеңсе тауарлары дүкенінде сатушы болып бастады, кейін "Жастар тәжірибесі" бағдарламасы бойынша қала әкімінің аппаратында жұмыс істеді, ұйымдастыру, бақылау және кадр жұмысы бөлімінің бас маманынан басшыға дейін көтерілген. Федоров ауданы әкімінің орынбасары лауазымын да атқарған. 2020 жылдың наурыз айында Қостанай облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары болды.

Дана Русланқызы
Жұма, 15 Сәуір, 2022 18:12
Талқылау