Қостанай облысында жоғалған қызды іздеу жұмыстарына ондаған азамат көмектесіп жатыр
Қостанай облысында жоғалған қызды іздеу жұмыстарына ондаған азамат көмектесуде. Полиция департаментінің бастығы немқұрайлы қарамайтын азаматтарға алғысын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындар мен азаматтар 5 жасар қызды соңғы рет көрген жүгері алқабын аралап шығу үшін полицияға көмек қолын созуда.
Бейнежазбадан ондаған азаматтардың іздестіру орнына қалай жиналып жатқанын көруге болады. Қостанай облысының полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков өзінің Facebook парақшасында іздеу жұмыстарының жай-жапсары жөнінде айтқан. Сондай-ақ немқұрайлы қарамаған адамдардың көрсеткен көмегіне ең алдымен әке ретінде алғыс айтатынын жеткізген.
Еске салайық, бес жастағы қыздың жоғалып кеткені 8 тамыз күні белгілі болған еді. "Дос" іздеу-құтқару жасағының еріктілері Мәдина Ерланқызы есімді бүлдіршіннің жоғалып кеткені туралы хабарлаған.
Таңғы сағат бестер шамасында бүлдіршін Жамбыл ауылындағы үйінен шығып кетіп, қайтып келмеген. Қыздың үстінде тек іш киімі болған. Сондай-ақ, белгілі болғандай, бүлдіршін мүлде сөйлемейді.
- Ұлын балтамен шауып өлтірген: Түркістан облысында жантүршігерлік қылмыс жасаған ер адам сотталды
- Батыс Қазақстан облысында 7 жасар қыз сіріңкемен ойнаймын деп күйіп қалды
Қыздың анасының айтуынша, 5 жастағы Мәдина 18 және 13 жастағы әпкелерінің қарауында болған. Таңертең қыздар оянғанда сіңлісін таппай қалған. Бүлдіршін терезеден шығып кеткен.
Кейіннен жоғалған қызды соңғы рет көрген куәгерлер табылды. Кеше сағат 9:00 шамасында қызды көргендерін растаған куәгерлер анықталды. Олардың сөзі бейнебақылау камералары арқылы расталады.
Іздестіру шараларына 500-ден астам полиция қызметкері, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылған. Төрт дрон және төрт арнайы техника бірлігі пайдаланылады. Жергілікті атқарушы органдар іздестіру шараларына белсенді түрде көмек көрсетуде.
Іздеуге қосымша сегіз көлік пен 60 адам бөлініген. Олар баланы тас жолдарда, шаруа қожалықтарының аумақтарында, егіс алқаптарында, жыралардан іздеп жатыр.
Cондай-ақ, Тобыл өзенінің бойында патрульдер мен қайықтар іздеп жүр.