Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысында мектеп құрылысына бөлінген 1,2 млрд теңге жымқырылған


Фото: Gov.kz

Қостанай облысы Береке шағын ауданында салынуға тиіс жаңа мектептің құрылысынан 1,2 миллиард теңгеден астам қаржылық бұзушылық анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталған деректер 980 орынға арналған мектептің құрылыс жұмыстарын тексеру кезінде белгілі болған. Мемлекеттік аудит жүргізген нәтижесінде, жобаны жүзеге асыруға жауапты "Лидер-НК" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бюджеттен 1,23 млрд теңге көлемінде қаржы алып, өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны анықталған.

“Мердігер ұйым – "Лидер-НК" ЖШС бюджеттен 1,23 млрд теңге көлемінде қаражат алып, іс жүзінде өзіне жүктелген міндетті тиісті түрде орындамағаны белгілі болды. Бұған аудиторлар жұмыс актілерін нысанның жағдайымен салыстыру кезінде көз жеткізді”, – делінген ресми хабарламада.

Осыған байланысты Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына кемшіліктерді жою, келтірілген залалды өтеу және жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде нұсқама жіберілген. Басқарма аталған нұсқаманы орындау мақсатында сотқа талап арыз түсіріп, мердігер компанияның банк шоттарын бұғаттауды және бөлінген қаржыны қайтаруды сұраған.

Нәтижесінде, 2024 жылғы 14 маусымда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот Қостанай облысы әкімдігінің пайдасына шешім шығарды. Мердігердің апелляциялық шағымы қабылданбай, 1,2 млрд теңге көлемінде атқарушылық іс қозғалды. Оның ішінде 37 миллион теңгеге жуық мемлекеттік баж салығы да бар.


"Сыныпта түнеп, спортзалда тамақтанады": Алматы облысында 170 бала мектеп интернатының қираған ғимаратында тұруға мәжбүр болған


Сонымен қатар басқарма келісімшартты біржақты тәртіппен бұзып, "Лидер-НК" ЖШС-ні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және 82,4 миллион теңге айыппұл өндіру бойынша қосымша талап арыз берген. Бұл да сотта мақұлданып, 2024 жылдың 3 қазанында басқарманың барлық талабы қанағаттандырылған.

Құжаттар мен аудит материалдары құқық қорғау органдарына жолданып, Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша, "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету” қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Ал 2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, Қостанай облыстық құрылыс басқармасы қалған жұмыстарға байланысты есеп-қисапты аяқтап, жаңа мердігерді таңдау үшін қосымша конкурстық рәсімдер өткізді. Оның қорытындысында "СМТ и Компания" атты ұйым жеңімпаз деп танылып, мектеп құрылысын аяқтау міндеті осы компанияға жүктелді.

Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбе маңындағы Шилісай ауылында 2019 жылы басталған мектеп құрылысы әлі аяқталмаған. Мектептің құрылысы 7 жыл бойы тоқтап тұр, осы уақыт аралығында мектептен үміт үзген тұрғындар көшуге дайындалып жатқанын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 22:38
Талқылау