Қостанай облысында ат спорты біріншілігінің ақтық сынына үздік бәйге сәйгүліктері таңдалды
Қостанай облысының Заречное ауылында ат спорты бойынша біріншіліктің ақтық сынына іріктеудің екінші кезеңі өтті. Мұнда кімнің тұлпары жүйрік екенін білу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен үздік шабандоздар келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бәйгеге 70 ат қатыспақ. Ол үш қашықтыққа - 10, 16 және 22 шақырымға дейін болады. Барлық қашықтыққа жүлде қоры 16 миллион теңгені құрайды. Дайындық деңгейін айтатын болсақ, мен өте мықты жылқыларды көріп тұрмын. Олар төзімді болғандықтан жеңіс үшін қызу күреске кепілдік беріледі деп ойлаймын", - деді Қостанай облысы бойынша ат спорты федерациясының вице-президенті Нұрбол Әбдірахманов.
Бәйгеге жергілікті жылқы зауытында өсірілетін Қостанай тұлпарлары да қатысады.
"Негізінде біздің тұлпарлар бұл жарыстарға қатыспайды. Өйткені тамыз айының соңында біз өзіміздің жарыстарымызды өткіземіз. Алайда мен Қарағанды облысынан Қостанай тұқымды жекеменшік иелерін көрдім. Бұл сәйгүліктер алыс қашықтыққа өте төзімді болып табылады. ", – деді Қостанай жылқы зауытының басқарма төрайымы Айгүл Амандықова.
Ең ұзақ және ең мәртебелі аламан бәйгеде Абай ауданынан келген Нарқызыл есімді тұлпар жеңімпаз атанды. Оның шабандозы Аңсар Арыстан нәтижеге өте риза екенін айтты.
"Менің ат спортымен айналысқаныма екі жыл болды. Өзіме бұл қатты ұнайды. Ешқандай толқу болған жоқ, жеңетінімізге сендім", - деп бөлісті шабандоз өз әсерімен.
Айта кетсек, биыл қазан айында Алматыда ат спорты бойынша Қазақстан чемпионатының финалы өтпек.