"Маған қоқан-лоқы жасалып жатыр": Полиция әкім Ақсақаловтың қатысуымен тараған видео түсіргендерді іздестіріп жатыр
видеодан скрин
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың "Мәңгілік полк" шеруіне қатысты мәлімдеме жасағаны, оған біреулер қоқан-лоқы көрсеткені айтылған видео тарап жатыр. Облыстық әкімдік өкілдері бейнежазба жалған екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Мессенджерлерде Қостанай облысының әкімі бейнеленген жалған видео тарап жатыр. Онда облыс әкіміне қауіп төніп тұрғаны айтылған-мыс. Бұл видео жасанды интеллект көмегімен жасалған”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Қостанай облысы әкімдігі жалған ақпарат тарату фактісі бойынша құқық қорғау органдарына жүгінген.
“Қаскөйлер анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін заң алдында жауап беретінін ескертеміз және ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырамыз”, – дейді әкімдік өкілдері.
17 cәуірде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғындарды "Мәңгілік полк" акциясына қатысуға шақырғаны көрсетілген видео тарады.
Бейнежазбаға облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасы ретінде ұсынылған мәтін қоса берілген. Онда 9 мамыр күні Петропавлда шеру өтетіні және оған өңір басшысының өзі қатысатыны айтылған.
Кейін облыс әкімінің баспасөз қызметі бұл хабарлама мен облыс әкімі түсірілген видеоның жалған екенін хабарлады. СҚО әкімдігі де жалған ақпарат тарату фактісі бойынша полицияға шағым түсірген. Қазір жалған ақпарат таратушыларды полицейлер іздестіріп жатыр.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
