Алаяқтар Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобынан тәркіленген 2,2 млрд теңгенің мүлкін шетелдіктерге сатпақ болған
Айдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты тергеу барысында алаяқтар арестті заңсыз шешіп, Алматыдағы Никольский базарында тәркіленген мүлікті сатпақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қаржы мониторингі агенттігі "AV-Construction" ЖШС, "Шыны зауыты" ЖШС, "Шалқар 17" ЖШС, "Бахар-А" ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алды деген күдікке ілінген Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты тың деректерді мәлімдеді.
Сот Айдос Қоспаев құрылтайшы болған, "Nikolsky Investment" ЖШС тиесілі Алматы қаласындағы "Никольский" базарының аумағында орналасқан жер учаскесі мен мүлікке тыйым салды.
“Биыл 5 қазанда құны 2,2 млрд теңге болатын мүлік пен жер учаскесі шетелдік инвесторларға одан әрі сату мақсатында бөгде тұлғаларға қайта ресімделген”, – деп мәлімдеді Қаржы мониторингі агенттігі.
Агенттік алаяқтық үшін бұрын сотталған үш адамды анықтап, ұстады. Оларға қатысты сот санкциясымен "Қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Еске салайық, осыдан төрт жыл бұрын Алматыдағы "Сарыарқа", "Никольский" базарлары сүрілетіні туралы жазған едік.