Көшеде валюта таблосына тыйым салынды: Айырбастау пунктерінің қожайындары табыс азайғанын айтып, шағым білдірді
Фото: Видеодан скрин
Айырбастау пунктерінің иелері табыстың күрт төмендегенін айтып дабыл қақты. Олардың сөзінше, клиенттер легі екі есе азайған. Бұған елімізде валюта бағамдары көрсетілетін көше таблоларын алып тастауы себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Елде көшеде валюта таблосын қоюға тыйым салынды. Жаңа ереже 9 қыркүйектен бастап күшіне енді. Ұлттық банк мәліметінше, жарқыраған жазулар жүргізушілерді алаңдатып, жол апатына әкеп соқтыруы мүмкін. Алайда мамандар мұндай қауіп барын растайтын ресми статистика жоқ екенін айтады. Ал елімізде ереже күшіне енген алғашқы күнде-ақ кәсіпкерлер үлкен шығынға тап болып отыр.
Доллар – 537, еуро – 628, рубль – 6,50. Енді бұл бағамдарды білу үшін айырбастау пунктінің ішіне кіру керек. Ақпараттық тақта тек касса жанында тұрады. Бұл өзгерістер Ұлттық банктің қаулысы негізінде енгізілді. Құжат 10 шілдеде жарияланған, ал жаңа ережелер 9 қыркүйектен бастап ресми күшіне енді. Осыған сәйкес, Алматыда үйреншікті таблолардың бәрі алып тасталды. Дегенмен, кейбір кәсіпкерлер басқаша амал тапқан. Олар бағам көрсеткішін алып тастап, орнына жалаулар немесе тиісті елдердің атауларын іліп қойған. Бірақ кәсіпкерлердің айтуынша, мұның пайдасы шамалы, себебі клиенттердің ағыны айтарлықтай азайған.
"Көшедегі таблолар кімге кедергі болғанын білмейміз? Мүлде түсінбей отырмыз. Бәрімізге 7 қыркүйекке дейін сыртқы таблоларды алып тастауға бұйрық берілді. Алып тастағанымызға 2 күн болды, клиенттердің саны 30-40% қысқарды. Адамдар ішке кіреді, бағамға қарайды. Ұнаса – қалады, ұнамаса – кетіп қалады. Қақпа секілді болды. Жұмыс істеу қолайсыз болып барады", – дейді валюта айырбастау пунктінің директоры Нұркен Аманбаев.
Фото: Видеодан скрин
Тыйым салудың себебін Ұлттық банк жол қозғалысы қауіпсіздігімен түсіндіреді. Олардың ойынша, жарқыраған таблолар жүргізушілерді алаңдатып, жол апатына әкеп соқтыруы мүмкін. Бірақ автокөлік жүргізушілері мұнымен келіспейді.
"Таблолар көліктерге мүлде кедергі келтірмейді. Біздің қалада қаншама жарнама, бейнеэкран, дүкеннің жарық тақталары бар. Ал жай ғана сандар қалайша кедергі болады? Біз жолдамыз ғой".
"Рульде отырған адам ретінде айтарым, бұл маған ешқашан кедергі келтірмеді. Керісінше, ыңғайлы болатын. Бағамды бірден көресің де, өзіңше есептеп аласың".
"Мен сіздерге бірінші рет кіріп отырмын. Жолда келе жатып тіпті бағам қандай екенін білмеппін. Бұрын табло ілініп тұрғанда анағұрлым ыңғайлы еді. Жаңалықтарды көп қадағаламаймын. Ал телефоннан арнайы кіріп бағамды тексеру қолайсыз. Жолдан өтіп бара жатып көз салып қана қоятынбыз".
Қаулыға сәйкес, тыйым бизнес-орталықтарда, вокзалдарда, әуежайларда, казино мен кеден бекеттеріндегі айырбастау пунктеріне жүрмейді. Айырбастау пунктері қауымдастығында мұндай талаптарды әділетсіз деп санайды.
Фото: Видеодан скрин
"Бұл тағы бір қисынсыз шешім. Біреуіне рұқсат беріліп, басқасына неге тыйым салынады? Қандай өлшеммен бөлді? Біз Қазақстанның Ішкі істер министрлігіне ресми сұрау жібердік. Жол апаттарына таблолардың әсері туралы статистика беруді сұрадық. Бірақ министрлікте мұндай статистика жоқ болып шықты. Олар мұндай деректерді жүргізбейді. Ал кулуарда айтылғаны мәселе шешіліп қойған, ештеңе өзгерте алмайсыңдар. Яғни, қазір қолымыздан ештеңе келмейді. Біз барынша тырыстық", – дейді айырбастау пунктері қауымдастығының төрағасы Аршын Ғалымбаев.
Уақытында көше таблоларын алып тастамаған кәсіпкерлерге 17 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Әр қаладағы ереженің орындалуын Ұлттық банктің өңірлік филиалдары қадағалайды.

Министр Нұртілеу ұсталды деген сыбыс қазақстандықтарды дүрліктірді: Бұл істің соңы немен бітті, Бажкенованы не күтіп тұр?
