Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавируспен ауырған Түркістан қаласының әкімі 10 келі салмақ тастады

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың екінші коронавирус сынағы оң нәтиже берді.

Қала басшысы он келі салмақ тастағанын және ағза мүшелерінің жұмысы нашарлағанын айтты.

"Ардақты ағайын! Қадірменді жанашыр достарым! Құрметті жерлестер! Зұлым індетке шалдығып, мен де біраз уақыт араларыңызда бола алмадым. Ең алдымен, жақындары бақилық болған Отандастарыма қайғырып көңіл айтамын. Қысқа мерзімде қатарымызды жалмап бара жатқан мына індеттің салдарын көріп көңілім құлазыды. Алла баршамызға медет болып, қайтыс болған жандарды жәннәттық еткей.

Осы екі апта ішінде дұғада болған әр біріңіздің арқаңызда, Алла қалауымен, ел қатарына қайта оралуға мүмкіндік бұйырып отыр. Тез арада асқынып кеткен аурудан, қолдарынан келгенше, қолдап аман алып қалған дәрігерлерге алғысымды сөзбен жеткізу қиын. Осындай заманда әр бір жан үшін ажалмен арпалысуға бар жігерін тынбастан салып жүрген абзал адамдардың мерейі үстем болсын әрдайым!

Бұл ауру, өкінішке қарай, салдарсыз өтпеді. Бірнеше ішкі мүше жұмысын тоқтатып, енді қайта қалпына келтіру қажет болып тұр. Әлі де ұзақ уақыт оңалу шараларын жасаймын бұйырса. Соңғы тест нәтижесі де коронавирустың ағзамнан кете қоймағанын көрсетті. Дегенмен, елге қызмет етуге, мүмкіндігімше, қайта ораламын. Әрине, барлық сақтық шарттарын орындай отыра. Дәл қазір жағдай еш бірімізге де оңай болып тұрған жоқ. Біртіндеп, бірігіп, жағдайды қайта жақсартып аламыз деп сенемін.

Басымнан өткен қиындықтар тірі жанның басына бұйырмасын деп тілеймін. Осы ретте, барынша сақтық шараларын орындау қажеттілігін тағы бір мәрте естеріңізге салуға рұқсат етіңіздер. Ең маңыздысы: бетперде, достар! Арақашықтық! Тазалық! Өтініш, "сақтанғанды сақтайды" демекші сақ болыңыздар! Жасы үлкендерді барынша қорғап қалуға тырысайық!

Құрметті кәсіпкерлер! Елімізде орын алып тұрған жағдайды бәріміз де көріп отырмыз. Жоққа шығаруға тырысудың, көз жұма қараудың еш мәнісі болмаған, қазір де жоқ. Сіздерге деген үлкен өтініш: қиын қыстау заманда елімізге бірігіп қол ұшын созайық. Біздің қолдан келмегенді сіздер жасай аласыздар. “Халқым үшін бармын!”, “Қолдауға шамам жетеді!” дегендеріңізді жекеге жазуларыңызды өтінемін. Қазір қандай да көмек маңызды! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!", - деп жазды Аюпов.

COVID-19 бойынша соңғы талдау оң нәтиже көрсетті, деп жалғастырды ол.

"Мүмкіндігінше, барлық сақтық шараларын сақтай отырып, жұмысқа шығамын. Бұл ауруды жауыма да тілемеймін", - деді ол.

Әкім кәсіпкерлерден митинг өткізіп, барша қазақстандықтарға қолдарынан келген көмекті ұсынуды сұрады.

Түркістан қаласының басшысы Рашид Аюповтың коронавируспен ауырғаны 22 маусымда белгілі болды.

Бұдан бұрын коронавируспен емделіп жатқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Нұр-Сұлтандағы жүрек жеткіліксіздігіне байланысты ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды.

Талқылау