Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Көпбалалы аналар талаптарын әкімді автобусқа отырғызып алып тыңдатты

16 мамыр күні ондаған ана, соның ішінде көпбалалы және жалғызбасты аналар астана әкімдігі ғимаратына келіп әлеуметтік жағдайларын жақсартуды талап етті. Олар үкімет ұсынып отырған көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы тиімсіз екенін айтты. Аналардың айтуынша, үй бастапқы жарнасыз және банк комиссиясынсыз берілуі тиіс, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Сурет: Азаттық видеосынан скриншот

Әкімдік алдына жиналғандар қала әкімі не оның орынбасарлары шықпаған соң Астана экономикалық форумы өтіп жатқан конгресс-орталыққа барды. Содан кейін ғана форумнан Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев шықты. Олар көпбалалы отбасылармен бірге автобусқа отырып, әкімдік ғимаратына келді.

Сұлтанов көпбалалы аналарды жеке қабылдап, олардың талап-тілектерін тыңдады. 70-ке жуық ана өзін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Әкім мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар мен көмектер туралы баяндап берді.  

Оның айтуынша, елорда тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында кешенді жоспар әзірленген. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін қосымша 13 шара қолға алынып, оған 6,5 млрд теңге бөлінді.

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік салаға бөлінген қаржы сомасы 150 млрд теңгені құрайды. 2019 жылдың сәуірінен бастап қаладағы емханаларда әр сенбі сайын көпбалалы отбасыларды қабылдау ұйымдастырылған.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың үйлеріне барып көмек көрсетуге қарастырылатын қаржы 6,5 АЕК-тен 10 АЕК (25250 теңге) дейін артты. Бұл шарамен 228 адамды қамту көзделіп отыр. 

Жергілікті атқарушы орган әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды жан-жақты қолдау үшін 30-дан астам төлем жүргізуді қолға алған. Бұл мақсатқа бөлінген қаржы 12,2 млрд теңге. Баспана мәселесін шешуге төленетін төлемдер орташа алғанда 18% артты, ол үшін тағы 34 млн теңге бөлінген. Білім беру, денсаулық сақтау саласы мен полиция департаменті қызметкерлерінің баспана мәселесін шешуге 2 мың тұрғын үй сертификатын беру көзделген. 

Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік әлсіз топқа қосымша қолдау көрсетілетін болады. Әлеуметтік жоба аясында аутизммен ауыратын балаларға арнайы қызмет көрсету үшін бюджеттен 40 млн теңге қарастырылған. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 100-дей балаға осындай көмек көрсетіледі. 

Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 2019 жылы 1,2 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде қоғамдық жұмысқа тартылатын азаматтар саны 500-ден мың адамға дейін артады. Қоғамдық жұмыстармен қамтамасыз етілген адамдардың жалақысы 48 мыңнан 84 мыңға дейін көбейді. 

Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты сұрақтарды Smart Astana қосымшасынан білуге болады.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр