Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Маған бірнәрсе болып қалса, жақындарым қиналмасын": Қазақстандық қалай өмірін сақтандырғанын айтып берді

Қазақстан азаматтарына өмірін сақтандыру тиімді дейді экономист. Тіпті қаржыны депозиттен гөрі сақтандыруға салған жөн екен. Бұған өмірін 25 жасында сақтандыруды бастаған алматылық та қосылды. Ал заңгер сақтандыру компаниясы міндеттерін орындамаса, сотқа беруге болатынын айтты. Ең бастысы шарттармен мұқият танысу керек. Stan.kz ақпарат агенттігі өмірді сақтандыру қаншалықты тиімді екенін білді.

Фото: Pexels.comФото: Pexels.com

“25 жасымнан бастап өмірімді сақтандырамын”

Алматылық Зәуре Нарбұтаева аздап ақша жинап, оны қаржылай сауатты достарының кеңесімен өмірді сақтандыратын компанияға салған. "Бұл - менің ересек, саналы адам ретінде қабылдаған шешімім" дейді өзі.

"25 жасымда өмірді сақтандыратын компаниядан 30 миллион теңгеге дейін қор аштым. Мұндай әрекетке "маған бірнәрсе болып қалса, қаражат жағынан үйдегілерге ауыр болмай ма екен" деген ойлар түрткіледі. Екінші ойым, бұл өзіңе берген садақа сияқты. Бұл ақша бәрібір тұрады, жылына 200-300 көлемінде құйып отыруға болады. Ал осыны айларға шақсақ, бар болғаны 20-30 мың теңге шығады. Шетелдіктердің зейнетақыны өздері жинайтынын көп естиміз, яғни олар өз қорын қайда орналастыратынын өздері шешеді. Ал бізде қазір ондай компаниялар көп. Әр банктың өзінің өмірді сақтандыру қызметі бар. Одан бөлек жеке сақтандыру ұйымдары да жеткілікті", – дейді ол.

Оның сөзінше, мұндай ұйымдар жеке компания болса да, банкротқа ұшырамайды, себебі ол өзін де сақтандырады. Сақтандыру компанияларын да үстінен тағы сақтандыратын ұйымдар бар. Мұндай деректер Зәуреге ақшасын сеніп тапсыруға негіз болған. Ол әлі де жыл сайын ақша құйып отыруда жалғастырамын деген ниетте.

"Өмірін сақтандырып жүрген адам ешқандай апатқа, ауруға шалдықпасын деп тілеймін. Егер 55 жасымда алып жатсам, оны 60 млн етіп алсам болады немесе оны зейнетақы етіп, бірнеше жылға бөлуіме мүмкіндік бар. Ал қорға жинаған қаражатты кім қалай жарататынын, кенет қайтыс болып жатса, кімге қалдыратынын өзі шешеді. Сақтандыру компаниялары қызметін көрсетпес бұрын адамды жан-жақты тексереді. Білуімше, мүгедектігі барларды, жүкті әйелдерді, асқынған аурулары бар адамдарды сақтандырмайды. Мысалы, мен тұрмыс құрмай тұрып өмірімді сақтандыруды бастадым. Дәл қазір декретте болып, тұрақты ақша салмасам да, мен сақтандыруды жалғастыра беремін, бұйырса әлі де құямын. Мұндай қызметті бизнестегі серіктестік сияқты қабылдаймын. Ақшаңды бердің, ал олар оны басқа нәрсеге пайдалана береді және сол арқылы сені сақтандырып жатыр. Әрине, ақшаны өзің жинай беруіңе де болады, бірақ мойындау керек, біз көбіне жинай алмаймыз ғой. Мысалы, қаншама адам 50-60 жасқа келсе де, әлі үй ала алмай жүр", – дейді алматылық Зәуре.

Фото Зәуре Нарбұтаеваның жеке архивіненФото Зәуре Нарбұтаеваның жеке архивінен

Егер сақтандыру компаниясы міндеттерін орындамаса, қандай норма бойынша іс қозғауға болады?

Өмірді сақтандырған кезде мұқият болу маңызды. Себебі көбіне азаматтар ақшамды көбейтемін немесе сақтаймын деп, алаяқтарға алданып, сан соғып қалады. Сондықтан кез келген қаржыны салмас бұрын, жеті өлшеп, бір кесіңіз. Дегенмен заңгер Бақдәулет Құрманбаев өмірді сақтандыратын компаниялар алаяқтық жасағанда оларды сотқа беруге болатынын айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның 2000 жылғы 18 желтоқсандағы "Сақтандыру қызметі туралы" заңының 7-бабының 1-тармағына сай, өмiрдi сақтандыру сақтандырылушы қайтыс болған немесе ол сақтандыру мерзiмi аяқталғанға дейiн не сақтандыру шартында айқындалған жасқа дейiн өмiр сүрген жағдайда сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруды көздейтiн сақтандыру түрлерiнiң жиынтығын білдіреді.

"Компания қандай да бір міндеттерді орындамаса, іс аумақтық соттылықтың жалпы ережеcі және жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралады. Яғни, сақтандыру ұйымына талап-арыз сақтандыру шартын жасасқан филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша қойылады. Соттауға және арызды қайтаруға мүмкіндік бар. Бастысы қол қойған сақтандыру шартымен танысу керек. Жалпы өмірді сақтандыруды дұрыс шешім деп ойлаймын. Ең бастысы тек шартқа қол қоймай тұрып, толықтай танысып шыққан дұрыс", - деп түсіндірді заңгер Бақдәулет Құрманбаев.

“Болуы керек тиімді үрдіс”

Сонымен қатар экономист Мақсат Халықтың да пікірін сұрадық. Қаржы саласының маманы өмірді сақтандырған дұрыс және бұл үрдіс Қазақстанда көбірек танылуы керек деп есептейді.

“Өмірді сақтандыру – өте маңызды әрі болуы керек құндылықтардың бірі. Қазақстанда бұл енді ғана таныла бастады. Әлемде ол өте жиі қолданылады. Дамыған мемлекеттердің қарттары әбден қартайған кезде әлемді шарлап, қыдырып жүреді деп таңғаламыз ғой. Олар тек зейнетақы емес, сонымен бірге осы сақтандыру қорына жинаған қаржысын тағы алып отырады. Сонда олар жан-жақтан өздеріне зейнет жасына өте ыңғайлы, жеткілікті көлемде қаражат алып тұра алатындай мүмкіндікті қарастырған, жасаған. Бұл бір. Екіншіден, өмірді сақтандырудың бір артықшылығы – егер жарақаттанып қалсаңыз немесе қандай да бір ауруға шалдықсаңыз, жиналған қордан біраз қаражат алып, өзіңізді өзіңіз қамтамасыз ете аласыз”, – дейді Мақсат Халық.

Маман бүгінде Қазақстанда сақтандыру шартымен бірге қосымша қаржылай қызметтер ұсынылатынын айтты. Мысалы, өсім пайызы көп және несие түрінде алуға болады.

“Қазір қазақстанның жағдайында ыңғайлы әртүрлі қызмет ұсынылып отыр. Мұнда тек сақтандыру емес, депозит сияқты тұрақты ақша жинап отыратын мүмкіндігі және қалаған кезіңізде төмен пайызбен несие алу мүмкіндігі бар. Әртүрлі валютада қаржы жинауға болады. Сонымен бірге 4%-ға жуық өсімді қамтамасыз етуге болады. Мысалы, банктерге сақтап, 1-1,5% кіріс алғанға қарағанда сол ақшаңызды өмірді сақтандыруға салған тиімді әрі мүмкіндігі көбірек болып тұр. Оны кейін өзіңіздің мақсаттарыңызға пайдалана аласыз. Сондықтан осының бәрі белгілі бір деңгейде қаржы сауатына негізделеді. Біздің азаматтарымыз осындай инструменттердің бар екенін көбірек білгені дұрыс деп есептеймін. Осы үрдіс біздің қоғамда көбірек насихатталуы керек”, – деп түйіндеді экономист.

Қаржы нарығын зерттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанның сақтандыру секторында 25 сақтандыру ұйымы бар, оның 9-ы өмірді сақтандырады. 

2024 жылғы наурызда сақтандыру төлемдері 21,9 млрд теңгеге жетті. Ал жыл басынан бері сақтандыру төлемдері 64,9 млрд теңге болды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 29,9% көп. Өсу негізінен міндетті сақтандыру және өмірді сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерінің ұлғаюымен байланысты.

Өміріңізді сақтандырмас бұрын мына қағидаларды есте ұстаңыз:

  • Ең әуелі сақтандыру компаниясының лицензиясы бар-жоғын тексеріңіз. Оны Ұлттық банктің ресми сайтындағы лицензиялар бөлімінен көруге болады. Сонымен қатар Қазақстандағы біраз банктың өмірді сақтандыру қызметі бар. Сондықтан өзіңізге таныс банктің қызметін де таңдауға болады.
  • Сақтандыру компаниясының жағдайымен танысыңыз. Активтердің және жеке капиталдың көлеміне назар аударыңыз. Сыйлықақылар мен төлемдердің мөлшерімен де танысу керек. Бұл туралы Ұлттық банктің ресми сайтындағы статистика бөлімінен білуге болады.
  • Компания сақтандыру нарығында қанша уақыт жұмыс істеп келеді, осы дерек маңызды. Ұйымның тарихымен танысқан жөн. Компания неғұрлым ұзақ уақыт жұмыс істеп келе жатса, соғұрлым тұрақты дамып әрі жүйеленген жоспары бар дегенді білдіреді.
  • Сақтандыру компаниясының өзі сыртынан сақтандырылуы керек. Қандай ұйым және қалай сақтандыратынын сұрап алған жөн.
  • Сақтандыру шарттары мен ережелерімен мұқият танысыңыз. Толық түсінбейінше ештеңеге келісім бермеңіз.
  • Компанияның ресми сайтын толық қарап шығыңыз. Сайттың жұмыс істеп тұруы, үнемі жаңарып отыруы және қаржы туралы нәтижелерін бөлісіп отыруы маңызды. Сайт күмән тудырса, шешім қабылдауға асықпаңыз.

Еске салайық, осыған дейін қазақстандықтардың жылжымайтын мүлкін сақтандыруды міндеттеу ұсынылған еді. 

Талқылау