Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көпбалалы аналар Алматы әкімдігінің алдында шу шығарды

Алматы қаласының әкімдігін көпбалалы аналар аяғынан тік тұрғызды. Ғимарат алдына жиналып наразылық білдірген аналар қала басшысы Бақытжан Сағынтаевтың сыртқа шығып, сұрақтарына жауап беруін талап етті.  Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

алматы

Жиналғандар қанша айқайласа да Бақытжан Сағынтаев та, оның орынбасарлары да шықпады. Тек бірнеше басқарма басшылары наразы топтың назын тыңдауға келді.

Ашулы аналар 15 күн бұрын талаптарын тізіп әкімдікке хат өткізіп, оған ешқандай жауап ала алмағанына ренжулі.

Оның үстіне, әкімдік қызметкерлері өздері тіркеп алған хатты жоғалтып алған сынды. 

"Заңдастырылған деп айтады, бірақ қолымызға түспейді. Неге заңдастырылған талапқа жауап қайтарылмайды деген мәселемен бұл кісілерге 15 кұн бұрын тастадық. Бұл кісілердің соншалықты немқұрайлы қарайтыны, қағаздардың қайда қалғанын білмейді", - деді көпбалалы ана Айнұр Әбдікерімова.

Аналардың талабы - әлеуметтік мәселелер: үш баласы барларға да жәрдемақы беру, атаулы әлеуметтік көмек көлемін ұлғайту, медициналық қызметті, әсіресе тіс емдетуді тегін ету, баспана мәселесін шешу, тіпті, көпбалалы аналардың несиесін кешіруді де талап етіп жатыр. 

"Бұл сұрақтарды қарастырып, оған ресми түрде жауап беріледі. Ауызша жауап беру мүмкін емес, зерттеу керек, зерделеу, қарау керек", - деді Алматы қаласы ӘӘҚ басқарма басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.

Білім бөлімінің директоры да нақты жауап жоқ екенін айтты. Әкімдік алдына жиналғандардың дені Алатау ауданының тұрғындары екен. 

Оқиға орнында аудан әкімі де көрінді. Азамат Қалдыбековті аналар сұрақтың астына алды. Ал әкім барлық талаптан хабардар екенін, ал жиынның заңсыз екенін айтты. 

"Біздің қалалық, болмаса аудандық әкімдіктің құзіретіне кірмейтін талаптар ғой. АӘК-ті ұлғайту, тегін стамотология беру, мектеп формасын ақшалый түрде беру", - деді Азамат Қалдыбеков.

Жеті талапты орындауға қауқарсыз әкімдік қызметкерлері ресми жауап боларына сендірді. 

Қала әкімін көре алмаған аналар, дәл осы талаптарын тізіп, президентке хат жолдайтын болды. 

Ал наразы топты полиция тек сырттай бақылап тұрды.

 

 

Талқылау