Қазақстан Конституциясы толықтай қайта жазылмақ: 84% өзгеріс енгізіледі

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен барлық ұсыныстардың негізінде әзірленді.
“Жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. “Халық кеңесі” және “Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу” атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді”, – деді Бақыт Нұрмұханов.
Конституциядағы барлық бөлімге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Сондай-ақ 77-бап түзетіледі. Осылайша Конституция мәтінінің 84%-ы өзгереді.
“Ұсынылған өзгерістер – маңызды әрі ақылға мұқият салынған қадам, олар тұжырымдамалық тәсілдерді өзгертіп, құқықтық дәлдікті нығайтып, Конституцияның сапасын арттырады”, – деп атап өтті Конституциялық комиссияның мүшесі.
Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталып жатыр.
- Елде президент мерзімінен бұрын қызметінен кетсе, оның өкілеттігі вице-президентке берілмек
- Қазақстанда Вице-президентке қандай өкілеттік берілетіні айқындалды
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, сондай-ақ түсініксіздіктерді болдырмау бойынша үлкен жұмыс атқарды.
Жиынтық жобада ұсынылған новеллалар Қазақстанның конституциялық негіздерін қамтып, оның келбетін түбегейлі өзгертеді. Бұл түзетулер көзделген институционалдық және құрылымдық реформалар үшін үлкен әлеуетке ие.
“Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері күшейтіліп жатыр. Президенттік басқару формасын сақтай отырып, мемлекеттік билік құрылымы айтарлықтай өзгереді”, – деп мәлімдеді Конституциялық сот төрағасының орынбасары. Сонымен қатар ол негізгі өзгерістерді де атап өтті:
- Жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіледі;
- Азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді;
- Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен Ата заң негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігі артады.
Бақыт Нұрмұхановтың сөзінше, конституциялық новеллалар мемлекет миссиясын, оның функцияларының мазмұнын, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынас қағидаттарын жаңа қырынан түсінуге мүмкіндік береді, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен тартуға жол ашады.
“Бұл Конституция мазмұнының жаңаруы мен түбегейлі өзгеруі туралы айтуға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті ол.
Еске салайық, Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды.