Қонаев маңында жаяу жүргіншілерге арналған 300 метрлік аспалы көпірі салынады

Фото: Видеодан скрин
Қонаев қаласының маңында орналасқан тарихи “Тамғалы тас” кешені мен "Көшпенділер қаласы" арасын қосатын ұзындығы 300 метрлік аспалы жаяу жүргіншілер көпірі салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Көпірдің құрылысы келесі жылы басталып, 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Қазір мамандар жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Нысан Іле өзенінің жағасында дамып жатқан ірі туристік кластердің бір бөлігіне айналмақ.
Аспалы көпір жеке инвестициялар есебінен салынады. Саяхатшылардың жайлылығы үшін глэмпинг аймақтары мен қоғамдық тамақтану орындары қарастырылған.
“Өткен жылмен салыстырғанда Алматы облысына келушілердің саны шамамен үштен біріне артқан. Тек “Көшпенділер қаласының” өзі жыл сайын шамамен 50 мыңға жуық қонақты қабылдайды”, – деп мәлімдеді Алматы облысының туризм басқармасы.
Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, осыдан 15 жылдан астам уақыт бұрын фильм түсіру үшін салынған “Көшпенділер қаласына” туристер қатты қызығады.
“Бұл жерлерді көп адам демалыс пен саяхат үшін таңдайды. Сонымен қатар, қазір мұнда жол салу (шамамен жеті шақырым) және электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір инвесторлармен “Көшпенділер қаласын” және ашық аспан астындағы “Тамғалы тас” музейін дамыту жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ ұзындығы 300 метрден асатын көпір салу жоспарланып отыр”, – деді ол.
"Бағасы Еуропадан 10 есе төмен": Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келеді