Жол апатынан зардап шеккендерге берілетін сақтандыру төлемдері: Көмекші сымақтардың қызметіне не себепті жүгінбеген дұрыс?
Соңғы кездері елімізде сақтандыру саласындағы көмекші сымақтардың қызметі белең алуда. Көп жағдайда олар қарапайым тұрғындардың қаржы тұрғысынан сауатсыздығын пайдаланып, өз қызметін қыстыруға тырысады. Алайда түптеп келгенде олардың көмегінің құны бес тиынға да татымайды. Не себепті мұндай алақол делдалдардың көмегіне жүгінбеген жөн? Келесі оқиғалардан бұған көз жеткізе аласыздар.
2017 жылы орын алған жол апатының кесірінен Әсел (есімі өзгертілген – ред.) есімді Шымкент тұрғынының жолдасы қаза тапты. Қайғыдан қан жұтып отырған жесір әйелдің жағдайын пайдаланып, алақол ұйым қызметкерлері “сақтандыру компаниясынан қомақты сомада өтемақы алып береміз, бізден басқа ешкім сізге көмектесе алмайды” деп, әйелді сендіреді. Мүшкіл халдегі келіншек көмекші сымақтардың сөзіне еріп, келісімшарт рәсімдеуге келіседі. Шарт негізінде, Шымкент тұрғыны ұйымға өтемақы сомасының 30%-ын беруге міндеттеледі.
Алайда ақиқаттың беті кейінірек бір-ақ ашылады. Шын мәнінде, Әсел 1 900 000 теңге өтемақыны ешкімнің көмегіне жүгінбей алуына болар еді. Ол мұны білген соң, көмекші сымақтардың қызметі үшін ақы төлеуден бас тартады.
Сан соғып қалғанын түсінген делдалдар құр қарап қалғысы келмей, жесір әйелдің үстінен сотқа шағым түсірген. Дегенмен аудандық сот та, қалалық сот (апелляциялық саты – ред.) та екі тарап арасында жасалған келісімшартты заңсыз деп тапқан. Сот отырысында Әселдің жол апатынан кейінгі жағдайы есепке алынып, істі қараған судья шешімді әйелдің пайдасына шығарады.
Келесі оқиға. 2018 жылы шымкенттік отбасы жол апатының кесірінен асыраушысынан айырылады. Мұны білген көмекші сымақтар ер азаматтың әкесін алдап-сулап, ақыры өз дегендеріне жетеді. Бірақ өтемақының жартысына ие болу үшін оларға марқұмның жесірінің келісімі қажет болады. Бала күтімімен отырған Мадина (есімі өзгертілген – ред.) есімді келіншек атасының сөзіне күмән келтірмей, екі баласының болашағын ойлап, алақол ұйым қызметкерлеріне сенімхат жазып береді.
Ең сорақы нәрсе өтемақы төленген соң бір-ақ анықталады. Көмекші сымақтардың сөзіне ерген марқұмның әкесі төлем ретінде берілген 2 405 000 теңгені өзінің қалтасына баспақ болғаны анықталады. Ол бұл қаражаттың 30%-ын көмекші сымақтардың қызметіне, қалған бөлігін өз қарызын жабуға қолданып, келініне тек 500 000 теңгені беруді ұйғарады. Алайда істің соңы сотқа дейін ұласып, нәтижесінде Мадинаның жеңісімен аяқталды.
Сот тәжірибесінде осыған ұқсас жағдайлар өте көп. Дегенмен сотқа дейін бармай, жабулы қазан күйінде қалып, тиісті өтемақысын толық көлемде ала алмаған отбасылар да бар.
Сақтандыру компанияларының мәліметіне сәйкес, бүгінде арты өліммен аяқталған жол апаты үшін берілетін өтемақының 90%-ға жуығы осындай көмекші сымақтардың қатысуымен өтеді. Бұл – жыл сайын кемінде жарты миллиард теңгені құрайтын, сақтандыру төлемдері заңды мұрагерлерге жетпей қалады деген сөз.
Осы орайда сақтандыру саласында ресми тіркелген және заң негізінде жұмыс істейтін, ақылы негізде консультациялық қызмет көрсететін ұйымдар бар екенін айта кеткен жөн. Алайда кейбір ұйымдар адалдықтан аттап, тығырыққа тірелген жәбірленушілердің жағдайын пайдаланып қалуға тырысады. Ел арасында мұндай делдалдарды көмекші сымақтар деп атайды.
Әдетте мұндай делдалдар жол-көлік оқиғаларына жақын жүреді. Олардың жұмыс істеу принципі жазатайым жағдай үшін сақтандыру төлемін алу процесін барынша жеделдетуге және оның мөлшерін ұлғайтуға негізделген. Алайда түптеп келгенде көмекші сымақтардың еш пайдасы тимейді.
Алақол делдалдар марқұмның күйзелген туыстарының моральдық-психологиялық жағдайына қысым жасап, олардың көмегінсіз өтемақы алу мүмкін емес деп қорқытады. Бұл тұрғыда көмекші сымақтар халықтың қаржылық сауатсыздығын өз дегеніне пайдаланып кетуді көздейді. Олардың құрығына көбіне ауыл тұрғындары түсіп қалып жатады.
Көмекші сымақтардың бар ойы – қайтсе де азаматтан сенімхат алып, оның атынан әрекет етуге қол жеткізу. Сәйкесінше, сенімхатқа ие болған соң олар өз бетінше жұмыс істеуге көшіп, өтемақының 30-50%-ына дейін өз қалтасына басуы да мүмкін.
Осы орайда сақтандыру компаниялары заң бойынша өздеріне жүктелген міндеттемелерді орындауға және сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға тиіс екенін түсінеді. Азаматтық жауапкершілігі сақтандырылған азамат жазатайым жағдайға тап болса, сақтандыру компаниялары заңмен бекітілген өтемақыны толық мөлшерде төлейді (жәбірленуші жол апатынан көз жұмса, оның асырауындағы немесе ол қайтыс болған күнге дейiн одан жәрдем ақша алуға құқылы болған еңбекке жарамсыз адамдарға 2000 АЕК мөлшерінде өтемақы төленеді). Сәйкесінше, сақтандыру ұйымынан,жол көлік оқиғасында заң бойынша жәбірленуші деп танылған азамат, қажетті құжаттарды өз бетінше жинап, тиісті өтемақыны ешбір делдалсыз ала алады.
Сонымен қатар шарт тараптары арасындағы қатынастарды, даулы мәселелерді реттеу мақсатында, сақтандыру омбудсмені институты құрылғаны және тегін жұмыс жасайтынын атап өткен жөн.
Көмекші сымақтар қызметінің кең етек жаюы сақтандыру ұйымдарын алаңдатып отыр. Олар бұл мәселеге үкімет пен Парламент депутаттарының назар аударуын сұрап, сақтандыру саласындағы алақол делдалдардың қызметіне түбегейлі тыйым салуды ұсынады.
Бұған қоса сақтандыру компаниялары қазақстандықтарды азаматтардың қайғылы күйінен пайда көріп отырған көмекші сымақтардің көмегіне жүгінбеуге шақырады. Сайып келгенде, мұндай делдалдар қара бастарының қамын ғана ойлап, ешқандай көмек бермейді, дейді сарапшылар. Сақтандыру төлемін алу үшін тікелей сақтандыру компаниясына жүгінген дұрыс, сонда ғана сіз өтемақыны толық көлемде ала аласыз.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
