Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайыққа міну құны 15 мың, сайтта 5 мың теңге": Көлсай көлдерінде қызмет құны неге ресми бағадан жоғары

Фото: Stan.kzФото: Stan.kz

Желі қолданушысы Көлсай көлдері ұлттық паркіне барып, қайық пен катамаранның құны парктің ресми сайтындағы бағасына сәйкес келмейтінін байқаған. Бағалар неге әртүрлі деп шағымданды олар. Stan.kz ақпарат агенттігі Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Көлсай Ұлттық паркі ЖШС-ға сауал жіберіп, бағалар неге әртүрлі екенін анықтады.

"Көлсайда қайыққа отыру үшін 15 000 теңгең болуы керек"

Көлсай көлдері ұлттық паркіне қыдырып барған оқырмандарымыз онда қайыққа отыру 30 минутқа 15 000 теңге, 40 минутқа 20 000 теңге екенін айтты. Оқырмандар бағалар ресми сайтта көрсетілгеннен неге қымбат екенін түсінбей, шағымданып жатыр. Себебі Көлсай көлдері ұлттық паркінің ресми сайтында қызметтер бағасы басқаша, іс жүзіндегіден арзан.

"Жақында Көлсайға бардық. Көлде қайық пен катамаранмен жүзу 30 минутқа 15 000 теңге, 40 минутқа 20 000 теңге тұрады екен. Әрқайсына 4-6 адамнан отыруға болады. Бірақ мен Кolsai-koldery.kz cайтында бағалар басқаша, дәлірек айтқанда арзан екенін байқадым. Бірақ сол бағамен төлеуге мүмкіндік болмады. Неге сайтта басқаша жазылады да, көлге барған кезде басқа бағамен төлейміз?", – деп шағымданды Алматы тұрғыны.

Мысалы, ресми сайтта сағатына туристік құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету:

  1. қайық 4 718 теңге (1.2 АЕК),
  2. катамаран 5111 теңге (1.3 АЕК),
  3. қармақ 235 теңге (0.06 АЕК).

Сағатына мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлер ұсыну:

  1. екі орынды шатыр 2555 теңге (0.65 АЕК),
  2. киіз үй 10 616 теңге (2.7 АЕК),
  3. сағатына жегілген және мініс жануарлар 786 теңге (0.2 АЕК).

Көлсай көлдері сайтындағы баға

Министрлік бағаларды реттемейді, ал ЖШС өз бағасын қояды

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Stan.kz-ке берген дерегінше, комитет Көлсайда көрсетілетін қызметтің бағаларын реттемейді.

"Себебі Көлсай көлінің жағалауындағы қайықтар және катамарандар қызметін "НП Көлсай" ЖШС ұсынады. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" заңның 46-бабына сәйкес, МҰТП тиісті қызмет көрсету үшін серіктестікке жер учаскесін қысқа мерзімді пайдалануға берді. Осыған байланысты көрсетілген қызметтің бағаларын МҰТП реттемегендіктен әр түрлі баға", – делінген Экология министрлігінің жауабында.

Stan.kz тілшісі "НП Көлсай" ЖШС-дан жауап алып көрді. Серіктестік Көлсайға барушылар ресми сайтта көрсетілген бағамен төлей алмайтынын айтты.

"НП Көлсай" ЖШС Төменгі Көлсай көлінің 14 орам 30 телім, 15 орам 26 телім, 15 орам, 10 телімде ораласқан туристік және реакциялық қызметті жүзеге асыру үшін мекеменің учаскесін 5 жылға пайдалануға шарт жасасқан. Шартта су көліктерінің саны 80 дана болып көрсетілген. Экология министрлігі қойған сайттағы баға конкурс өткізілгенге дейін бекітілген тарифке сай көрсетілген. Сол себепті бұл көрсетілген баға қазір жарамсыз. Бүгінде Көлсайға барушылар ресми сайтта көрсетілген бағамен төлей алмайды. Себебі бағаны реттеу "НП Көлсай" ЖШС-ның инвестициялық жобасына сай жасалынып, директордың бұйрығымен бекітілген", – деп жауап берді "НП Көлсай" ЖШС.

Көлсай көлдері 2024 жылы қанша қаржы тапты?

Экология министрлігінің дерегінше, 2024 жылы сайтта көрсетілген МҰТП-нің тарифтар шеңберіндегі қызметтерден арнайы есеп шотына 260 млн 262 мың теңге түсті. Бұл қаражат МҰТП-нің аумағындағы туристік аймақтарды, маршруттар мен соқпақтарды абаттандыруға, санитарлық тазалауды қамтамасыз ететін қызметкерлердің жалақысына, қоқысты жинауға арналған құралдарды сатып алуға, қоқысты шығаруға, жанар-жағармайға және ақпараттық және үгіт материалдарына жұмсалады.

Ал "НП Көлсай" ЖШС 2024 жылы қанша адам қайық пен катамаранға мінгені туралы есеп жүргізбеген. Өйткені оның біреуіне бірнеше адам отырады дейді серіктестік. Ал қанша қаржы келіп түскеніне қатысты жауап бермеді.

Еңлік Сақтан
Бейсенбі, 28 Тамыз, 2025 17:48
Талқылау