Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көлікті алғанша баға өзгеріп кетуі мүмкін": Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылмай тұрып шикіліктер шықты

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жақындап келе жатқанымен, автосалондарда рәсімдеп, айдап кететін көліктер аз. Индустрия министрлігі де, автобизнес қауымдастығы да ұсыныс сұранысқа сай болады, алаңдайтын негіз жоқ деп отыр. Бірақ бағасына келгенде кесіп айта алмады. Ал автосарапшылар отандық автокөліктердің бағасы қазіргіден екі есе төмен болуы керек дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

көліктер

Сәуір айының соңына қарай нақты талаптары белгілі болатын жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы аясында көлік алғысы келетін азаматтар бірден салоннан темір тұлпарды айдап кете алмауы мүмкін. Алдын ала көлікті брондағаныңызбен, бағасы сіз несиені рәсімдеп, көлік келгенше өзгеріп кетуі ықтимал. 

"Егер баға өсіп кетсе, онда жеңілдетілген авто несие бағдарламасы бойынша қайта қарыз алуға өтініш беріп көруіңіз керек не болмаса айырымын қолма-қол төлеуге тура келеді. Негізі көлік жетпей қалады деген аса қорқыныш жоқ. Өйткені, қаңтар-ақпан айларынан бастап ай сайын 7 мың темір тұлпар құрастырылып жатыр", - дейді автонесие қауымдастығының өкілі Қайрат Еламанов. 

Автосарапшы Нұраддин Садық елімізде құрастырылатын көліктердің саны аз екенін айтады. Бұл сикиди, яғни ұсақ торапты құрастыру формасына жатады. 



"Индустрия министрлігі былтыр 85 мың 300 отандық көлік құрастырылды деп жарияға жар салғанымен, оның тек 1,7 пайызы ғана негізгі құрастыру формасына сәйкес жасалған. Қалған 98,3 пайыз кешелі бері көрсетіп жатқан дөңгелегін бұрау дейді ғой, 4 дөңгелегін салып, май-суын құйып, қозғалтқышын салып, дыбыс бәсеңдеткішін байлап беретін құрастырудан тұрады. Мұны кез келген ТЖО-да 100-150 мың теңгеге жасата аласыз. Алты жылда жеткен жетістігіміз осы болып тұр", - дейді Нұраддин Садық.

Сарапшы көлікті дәл осындай тәсілмен құрастырған зауыттар темір тұлпар бағасын төмендетуі керек деп есептейді. Ол кезде отандық көлікті несиеге алатын азаматтар екі есе аз шығындалады деп отыр. Ал индустрия министрлігі автобөлшектердің бағасы долларға байланған, сондықтан баға әлі де құбылуы мүмкін екенін айтады. 

"Доллардың қымбаттағаны бәрібір бағаға әсер етеді. Импорттық көліктердің құны екі есе шарықтап кетті. Біз отандық көліктің бағасын ұстап тұруға тырысып жатырмыз. Автосалонда көлік мүлдем жоқ дей алмаймыз, сұранысқа көп көліктерді әрине күте тұруға тура келеді", - деп мәлімдеді ИИДМ индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков.

Айта кетейік, жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша елімізде құрастырылған ең арзан көлікті автосалоннан алу үшін 3 жарым мен 6 миллион теңгеге қарыз рәсімдей аласыз. Ресми статистикаға сенсек, отандық жаңа көліктердің бағасы бір жылдың ішінде 12, импорттық темір тұлпарлар 16 пайызға қымбаттаған.

Назархан Уән
Жұма, 18 Наурыз, 2022 08:30
Талқылау