Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызыммен жалғыз қалдым": Алматыда ер адам эпилепсияға шалдыққан қызымен көлікте түнеп жүр

Алматыда бір айдан бері мүгедектігі бар қызымен бірге көлікте түнеп жүрген әке халықтан көмек сұрайды. Далада қалған Еркебұлан Секбаевтың бар сұрары – баспана. Үй-күйсіз жағдайға шыдамаған жұбайы ауруханаға түскен соң, науқас қызына қараған азамат жұмысынан да айырылған. Баспана таппай қажыған отағасы "төлейтін ақшамыз болса да, үй қожайындары үйлерін жалға бермейді" дейді. Өйткені олар эпилепсияға шалдыққан 18 жастағы бойжеткеннің талмасы ұстайтынын естігенде бірден бас тартады екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

ер адам

Сюжеттен скриншот

Жасынан жетім қалған 53 жастағы Еркебұлан Секбаевтың үлкен қалада жақын туыстары жоқ. Ал үй-күйсіз жүргенге күйзеліп, науқастанып қалған әйелі ауруханаға түскен. Эпилепсиямен ауыратын қызына қарап отырған әке далада қалғанына 1 айдың жүзі болғанын айтады. Бұған дейін тұрған үйдің иесі ауласына жөндеу жұмыстарын жүргізбекші болып "Басқа баспана іздеңіз" депті. Көлікте қонып, таң ата баспана іздеуге кірісетін азамат 30 күннен бері үй жалдай алмай, әуреге түскен. Себебі мүгедек бойжеткеннің ауруын естігенде үй қожайындарының көбі ат-тонын ала қашады екен.

“Времянкаға” ғана шамамыз келеді, қызым екі-үш рет талып еді, көбісі сол себепті үйін бермей отыр. Үйде кішкентай балалар бар, басқа квартиранттардың балалары бар қорқады дейді”, – деді Еркебұлан Секбаев. 

18 жастағы Айғанымның талмасы ұстаса, әкесі жедел жәрдем шақырады екен. Айына 5-6 мәрте ауруы ұстайтынын айтқан азамат қажетті дәрінің бәрі бар дейді. Өзі де ІІ топ мүгедегі болғандықтан, қызы екеуіне 150 мың теңгедей жәрдемақы алады екен. Отағасы жағдай қиындағалы жұмыстан да шығып қалған, қазір жолаушы тасып, күн көріп жүр.

“Анасына барам аурухана, ол кісіге арасында жолаушы тасымалдап, асханадан тамақ сатып алып, апарып беремін. Сонымен таң атады, күн батады. Екі жақтап қараушы ек, енді жалғыз қалдым қызыммен”, – деп қосты Еркебұлан Секбаев.

Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің мамандары дертке шалдыққан баласы бар отбасыға қолдан келгенше көмек беретіндерін мәлімдеді. 

“Азамат біздің әкімдікке келмеген, өтініші бермеген. Қазіргі уақытта аталған отбасыға уақытша тұруға пәтер іздеу жұмысы жалғасып жатыр”, – деді Алатау ауданы әкімдігі әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Ләйлә Оразбаева. 

Әкімдік өкілдері Айғанымды оңалту орталығына жатқызуға диагнозы сәйкес келмейтінін айтады. Ал амалы таусылған әкенің қазіргі арманы – баспана.

Еркебұлан Секбаевқа көмектесемін дейтін азаматтар төменде көрсетілген нөмірге хабарласуына болады:

8 (702) 909 87 16.

Талқылау