"Көлдер болмаған": Талдыкөлді қаланың бас жоспарына енгізбеген елордалық шенділер сынға қалды
Фото: informburo.kz
Астанада қаланың 2035 жылға дейінгі бас жоспарына өзгертулер енгізу жобасы талқыланып жатыр. Жиында тұрғын үйлердің тығыз салынуы және Талдыкөл мәселесі кеңінен талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Талдыкөл тағдыры бірнеше жылдан бері елордада қызу талқыланып келеді. Әкімдік түрлі себеп айтып көлді құрғатуды жоспарлап отыр. Алайда экологтар, экобелсенділер мен қала тұрғындарының көбі экологиялық тепе-теңдікті бұзуы мүмкін деген қауіппен көлді құрғатуда қарсы болып отыр.
Елордалық белсенділердің бірі журналистерге қоғамдық талқылау барысында бас жоспар жобасында "Кіші Талдыкөл" тобындағы көлдер қамтылмағанын айтты.
"Мен биолог және экологпын, менде үлкен сұрақ бар: қазір бар көлдер ("Кіші Талдыкөл" тобына кіретін көлдер) неліктен қаланың құрылыс жоспарында жоқ? Қандай негізде көлдер жойылып, оның орнына мына тығыз құрылыс бой көтеруде? Онда жеті көлдің екеуі ғана бар. Қазірдің өзінде екі көлдің орнына құрылыс салынды, бүгінде бұл аумақта тағы бес көл бар. Көлікпен араласақ, ол көлдерді көре аламыз", – дейді қоғам белсендісі.
Елордалық белсенді Су кодексінде су объектілеріне құрылыс салуға тыйым салынатыны туралы бап бар екенін еске салды. Осыған ұқсас тармақтар экологиялық заңнамада да қарастырылған.
Бас жоспарды қоғам болып талқылау барысында белсенді "Астанагенплан" ҒЗИ" ЖШС директоры Руслан Жақыповқа сауал жолдады.
"Астанагенплан" ҒЗИ" ЖШС директоры Руслан Жақыповтың айтуынша, жергілікті белсенді сөз етіп отырған кейбір көлдер бастапқыда бас жоспарда болмаған, олар құжатты әзірлеу кезінде ескерілмеген.
"Бас жоспарды 2024 жылы үкімет бекітті. (...) Әзірлеу және бекіту кезінде ол жерде көлдер болмаған", – деді шенеунік.
Руслан Жақыпов бұл мәселе жаңадан көтеріліп отырмағанын, әлі талқыланатынын айтты.

Жапониядағы қазақ дәстүрі: Сырға салудың видеосы желідегілерді таңқалдырды
