Қолданысқа енгелі жатқан латын әліпбиі өмірімізді қалай өзгертеді?
Қолданысқа енгелі жатқан латын әліпбиі қандай болуы тиіс? Осы сұрақ төңірегінде елімізде нағыз қызу пікірталас басталды. Кирилицаға бүйрегі бұратындар бастаманы сынаса, жаңалықты қуана қабылдағандар түрлі жобаларын ұсынып жатыр. Ал бұл іске жауапты Білім министрлігі арнайы комиссия құрды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Жалпы, латын әліпбиінің Ахмет Байтұрсынов жасаған жобасынан бөлек, елде оннан астам түрі бар екен.
Сексен жылға жуық кирилицамен хат жазып, санасы әбден сіресіп қалған қоғам, латынша қалай жазамыз деп даурығып жатыр енді. Бұған дейін мектепте бүлдіршінге 42 әріп жаттатсақ, енді оның саны 28-ге дейін кемімек. Ендігі мәселе қазақтың кей төл және кірме дыбыстарын қалай белгілейміз деген сұрақ.
Қазірдің өзінде қолданыста жүрген бекітілмеген әліпбидің екі түрлі нұсқасында қазақтың һ әрпі, кирилицадағы щ, x, ч, ц, Ё, ю, я мүлдем әріптері жоқ. Оның орнына авторлар екі әріпті қосып немесе асты-үстінен арнайы белгілер салып таңбаламақшы. Қазақ тіліндегі дыбыстардың таңбалануын зерттейтін бірден-бір мекеме Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты. Орталыққа бүгінге дейін жүзден астам әліпби нұсқасы келіп түсіпті. Институт маманы көпшілік айтып жүргендей, кезіндегі әліпбиді қайтара салуға болмайды дейді.
«Сол кездегі қаріпті толық алып, сол кездегі жүйені, емле ережелерін сол күйінде өзгеріссіз ала алмаймыз. Өйткені ол кезден бері заман қандай қарқынмен өзгергенін өздеріңіз білесіздер. Тілде де қаншама жаңалықтар бар. Біздің қазіргі латын графикасы негізіндегі әліпбиіміз қазіргі қазақ тілінің сұранысына, болашақтағы сұранысына жауап беру керек, сондықтан қазіргі әліпбиде өзгерістер көп болады», – дейді А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова.
Ал мәтінін латын әрпіне алғаш боп көшірген ақпарат құралдарының бірі Қазақпарат агенттігі. 2004 жылы Әбдуәлі Қайдардың жазған әліпбиімен қиырдағы қазақтар үшін ақпарат тарата бастаған агенттік, соны әлі қолданып келеді.
«Бұнда ешқандай қиындық жоқ. Мына арнайы бағдарламамен қазақ тілінде қандай ақпарат шықса, автоматты түрде латынға аударылып отырады. Мысалы ң дыбысына келсек латынша Н мен үстінде ноқатымен белігіленеді. Енді мұны жетілген, жақсы нұсқа деп те айта алмаймыз», – дейді Қазақпарат халықаралық ақпарат агенттігі Бас директорының кеңесшісі Қанат Мәметқазыұлы.
Ал күні кеше әліпби жаңарту бойынша пікір білдіруге асықпаған Білім министрлігі бүгін жанданды. Құзырлы ведомство латынға баланысты арнайы комиссия құрмақшы.
«Бұл жерде көптеген проблемалар шығады. Ол компьютерларды ауыстыру. Біздің оқулықтарды ауыстыру. Бірінші сыныптан бастап өзгерту керек. Ол үлкен жұмыс», – дейді ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов.
Жұмыс көп деп алдын ала ескерткен шенеуніктер, әліпбидің сан түрін жазып шыққан өз авторларымызды қоспағанда, бұл іске шетелден келген мамандар да қатысады дейді. Ал қоғам, қаріптің қамы қалтаның сорына айналып кетпесе игі деп, өзгеріске дайын отыр. Ортақ стандартты бекітпекке жыл соңына дейін уақыт бар.
Жіберіп алмаңыз:
Алматыдағы университет жатақханасында көз жұмған студент жер қойнына тапсырылды
Қызылордада 4 жасар баланы ұрған балабақша тәрбиешісі елді дүрліктірді (видео)
Түркияда жатқан Жігер Ауыпбаев денсаулығы жайында өз аузымен айтып берді (видео)