Көкшетаудағы мектептің дәретханасына бейнебақылау камерасы орнатылған
Көкшетаудағы мектептердің бірінде дәретханаға бейнебақылау камерасы орнатылды. Бірақ бұл бастамаға ата-аналардың көбі қарсы. Олар бізден ешкім рұқсат сұрамады деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скрин
Камералар №6 мектеп-лицейіндегі ұл балаларға арналған дәретханаға орнатылған. Білім бөлімінің өкілдері бұл шара қауіпсіздік үшін жасалғанын айтады. Себебі, әжетханада төбелес, әлімжеттік жиілеген. Оған қоса, мүлікті қирату деректері де азаймай тұр дейді мамандар. Осы тәртіп бұзушылықтардың алдын алу үшін бейнебақылау камераларын орнатуға мәжбүр болдық деп отыр.
Сондай-ақ құрылғы тек дәретхананың дәлізін ғана түсіреді екен. Ал ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
“Бір-біріне қарап отырады”: Желіде ҚазҰУ-дағы қоршаусыз салынған дәретхананың видеосы тарады (видео)
“Алдында бірнеше оқиға болған. Баланың құқық бұзушылығы. Қазіргі таңда біз видео бәрін қарап шыққан кезде камералар тек әжетхананың кіреберіс жағын, қол жуатын жерді, есікті түсіреді. Ал жеке балалардың кабинкалары бейнеге түспейді”, – дейді Көкшетау қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нажимеден Нұралин.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысындағы мектептің дәретханасына бейнекамера орнатылғаны анықталған еді.