Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Туыстары шешіммен келіспейді: Көкшетауда ерлі-зайыпты қарияларды аяусыз өлтірген қылмыскерге сот үкімі шықты

Көкшетауда ерлі-зайыпты зейнеткерлерді асқан қатыгездікпен өлтірген Вадим Достовқа қатысты үкім шықты. Алқа билер қатысқан сот қылмыскерді 25 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ марқұмдардың балаларына 20 миллион моральдық өтемақы төлеуі тиіс. Бұған дейін де екі рет істі болған азамат жазасын аса қатаң режимдегі колонияда өтейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Бірақ сот тағайындаған жазаға қаза тапқан Бейсенбаевтардың 10 баласы мен туысқандары үзілді-кесілді қарсы. Олар жаза тым жеңіл болғанын айтып, сотта алқа билер мен судьяны балағаттап, қылмыскерден кек алатындарын жеткізді.

Судья сотта болған қанды оқиға жайындағы материалды оқи бастағанда, оны марқұмның туған балалары түгілі, сол жердегі қатысушылар да ауыр қабылдады. Қандықол қылмыскер қос қарияны аямаған. Пышақпен денесін тілгілеп, бауыздаған. 10 баланы өмірге әкеліп ауыл шаруашылығында еңбек еткен тыл ардагерлері 87 және 78 жастағы Бейсенбаевтар үйінде алаңсыз отырған жерінде кісі қолынан мерт болған. Қанды қылмысты істеген 25 жастағы Вадим Достовқа  8 айдан кейін сот үкім кесті.



Әке-шешесінен бір күнде айырылған Бейсембаевтар бес бірдей баппен сотталып жатқан Достовқа ең ауыр жаза берілгенін қалайды. Олар үкім оқыла сала, алқа билер мен судьяны жерден алып жерге салды. Тәртіп сақшылары оларды сот залынан шығара алмай әуреге түсті.

"Заңмен жазалай алмаса, өзіміз кек аламыз", - деді олар. 

Ал судья үкім шығарар кезде алқа билер шешімін негізге алғанын айтты.

"Бұл алқа билер шешімі. Алғашқыда оны өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы ұсыныс болған. Бірақ оған бірауыздан қолдау болмады. Менің судья ретіндегі дауысым алқа билер тұрғанда басым бола алмайды. Заң солай", - деді Ақмола облыстық сотының судьясы Арлан Қосжанов.

"Отыр күліп, оңбаған! Маньяк ол. Кесіп, пышақтап... Осындай адамды өмір бойы жауып тастау керек! Ертең ол шығады, тағы қайталайды. Сонда сот кім үшін керек? Келіспейміз!", - деді марқұмдардың ұлы Кәкім Бейсенбаев.

Марқұмдардың ұл-қызы үкім мүлдем дұрыс емес деп санайды. Қалайда апелляциялық сотқа беріп, қандықол қылмыскерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етеміз деп отыр. Тіпті президентке хат жазып, әділдік сұрамақ.

Еске салсақ, 84 жастағы Әкімбек пен 78 жастағы Құралай Бейсенбаевтар 30 сәуір күні таңертең өлі күйінде пәтерлерінде табылған: екі қарт тұншықтырылып, пышақ жарақатынан көз жұмған. 

Талқылау