Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көк ала қойдай етіп сабады": Түркістан облысында ер азамат полицейлерден қорлық көргенін айтады

Түркістан облысында полицияның азаптауынан кейін жансақтау бөлімінен бірақ шықтым деген азаматтың бейнежазбасы ғаламторға тараған еді. Онда денесі мен мойын тұсы кесілген отыз жастағы ер азамат полиция қысымынан араша сұрайды. Еш себепсіз ұрып-соғып, денемді көгала қойдай сабады деген жетісайлық тұрғын осы жағдайдан кейін өзін-өзі өлтірмек болғанын айтады. Алайда оқиға жайында полициядағылардың сөзі мүлдем басқа, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

жәбірленуші

Полиция қызметкерлерінен оңбай таяқ жедім деген азамат қазір аудандық ауруханада жатыр. Бүгін жансақтау бөлімінен палатаға шыққан. Бір жарым айда төрт рет қысым болды. Ал соңғы рет тепкінің астында қалдым дейді отыздағы азамат. Данияр Ибрагимов полиция ғимаратындағы төрт қызметкердің нақты екеуі ұрды дейді.

"Іште міне, көзіме тиді. Көзім көгерген. Мына қолдарым көгерген. Мына аяқтарымның барлығы көгерген. Арқаларымнан ұрған, бірақ көгермеген. Арқамның барлығы ауырып жатыр", - деді шағым беруші азамат Данияр Ибрагимов.

Данияр бұрын сотты болғанмын, әлі де полиция инспекторында есептемін дейді. Бірақ бұл олардың мені басынуына себеп емес деп ашынады. Айтуынша, өзінен бөлек інісін де полициядағылар соққыға жыға бастапты. Ыңырсыған даусын естідім дейді. Ызаға булығып тамырын кескенін де жасырмайды. Ал полициядағылар Ибрагимов бұған дейін алдымен ұрлықпен, кейін адамға ауыр дене жарақатын салып екі мәрте сотты болғанын айтады. Бұл жолы бұзақылық жасап, құзырлы орган өкілдеріне жеткізілген деді.

"Ол Жетісай ауданында бұзақылық жасап, қазіргі кезде Жетісай аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен бұзақылық ісімен жауапқа тартылып жатыр", - деді Түркістан облыстық ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Сондай-ақ, ол азамат полиция қызметкерлеріне бағынбай, күш көрсеткені бейнежазбада жазылды дейді. Осы кезде інісі көмекке келіп, қызмет бабындағы полицейлерді соққыға жыққанын да айтады. Полициядағылар Даниярдың інісіне қатысты да қылмыстық іс тергелуде деді. Ағасы тергеуге қысым жасау мақсатында өзіне қол жұмсағаны да таспада жазылды дейді.

Талқылау