"Қоғамның сорысыңдар": Аида Балаева ажырасқан әйелдерді балағаттаған журналистке қатысты пікір білдірді
Күні кеше ажырасқан әйелдерді қоғамның сорына теңеген журналист Меруерт Әйтенованың басы дауға қалды. Қоғамда дау тудырған бұл мәлімдемеге қатысты Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева өз ойын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аида Балаева журналистің арандату мәлімдемесін ақтап алуға болмайтынын айтты. Саясаткердің айтуынша, Меруерт Әйтенова бұл әрекетімен өз кәсібінің беделін түсірді.
“Адамдар үйленеді, ажырасады. Мұндай жағдайдың өзінің басынан өтпейтініне ешкім кепілдік бермейді. Сол себепті бұлай айтпауы керек еді”, – дейді Аида Балаева.
Сондай-ақ ол даулы мәселенің эфирге шығуна жол берген бағдарлама редакторларын да сынға алды.
“Бұл жерде эфир әдебі мен мәдениетіне, бағдарлама мазмұнына жауап беретін және осындай адамдарды бағдарламаға шақыратын редакторлардан жауап алу керек. Хайп қуамын деп шектен шығудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол бұл сөзімен көптеген әйелдің сезімін қорлады”, – дейді саясаткер.
Айта кетейік, бұған дейін журналист Меруерт Әйтенова отандық бағдарламалардың бірінде ажырасқан әйелдерді қорлаған болатын.